Ресейге жанармай жеткізу: Энергетика министрлігі шарттарын атады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Энергетика министрлігі Ресей Федерациясына жанар-жағармай өнімдерін жеткізу мүмкіндігі туралы тараған ақпаратқа байланысты түсініктеме жасады.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, Ресей Федерациясы Үкіметінен автомобиль отынын сатып алу жөнінде ресми өтініш түскен жағдайда, Қазақстан өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде жанар-жағармай өнімдерін жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын.
— Мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы халықаралық келісімдер мен коммерциялық шарттарды жасасу тек жеткілікті бос ресурстық әлеует болған жағдайда ғана мүмкін. Қазақстанның ішкі нарығын толық әрі үздіксіз қамтамасыз ету — сөзсіз басымдық болып қала береді. Экспорттық жеткізілімдер азаматтар мен ел экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін, — делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Маңғыстау облысында автогазға сұраныстың күрт артуы мен жеткізу мерзімінің ұзаруына байланысты бірқатар жанармай құю бекетінде кезек пайда болғанын жазғанбыз.