Ресейлік байқаушылар Алматы референдум учаскелерінің дайындығын жоғары бағалады

Ленинград облысы сайлау комиссиясының төрағасы Михаил Лебединскийдің айтуынша, референдумда дауыс беруге арналған учаскелер жақсы дайындалған.
Айта кетсек, халықаралық байқаушылар тобы референдумның 11 учаскесін тексеріп үлгерді.
«Біз мұнда ТМД және Ленинград облысы миссиясының атынан келдік. Референдум учаскелерінде Қырғызстаннан келген әріптестерімізбен кездесіп үлгердік. Екі күн ішінде референдумға дайындықтың қалай жүзеге асып жатқанын бақылап, бірнеше учаскеге, оның ішінде Қазақстанның қазіргі Президенті бітірген мектепке, Ұлттық кітапханаға және Қазақ ұлттық аграрлық университетіне барып үлгердік. Барлығы техникалық, стендтер мен сайлау құжаттары дайын болды. Сіздер белсенді дайындалдыңыздар деп ойлаймын», - деді Михаил Лебединский.
Оның айтуынша, Алматыда есептен шығару талондары бойынша дауыс беру дұрыс ұйымдастырылған.
«Бес сағат ішінде 23 мыңға жуық қала тұрғыны дауыс берді, бұл - жақсы көрсеткіш. Біз бөлініп, сайлау учаскелеріне бардық, қала тұрғындары таңғы сегіз жарымға қарай белсенді түрде келе бастады. №25 мектептегі сайлау учаскесін атап өткім келеді. Сондай-ақ, біз болған бүкіл учаскеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалған», - деді спикер.
Ленинград облысының жергілікті өзін-өзі басқару, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар комитетінің төрағасы Лира Бурак барлық учаскеде қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
«Бүгін сіз еліңіздің болашағын таңдайсыз. Бұл - алдағы уақыттың өзіндік резерві болмақ. Ұйымдастыру тұрғысынан бәрі жоғары деңгейде. Біз ешқандай кемшілік анықтаған жоқпыз. Азаматтардың белсенділігі жоғары. Отбасымен, балаларымен бірге келіп жатыр. Нәтиже бізді де, сізді де қуантады деп ойлаймын», - деп қорытындылады Лира Бурак.