Ресейліктер маңғыстаулық түлектерді оқуға қабылдау үшін сынақ жүргізуде

АҚТАУ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтауда Ресейдегі Мәскеу құрыш және қорытпа институты мен Санкт-Петербор электротехникалық институтының оқытушылары маңғыстаулық жастарды оқуға қабылдау үшін сынақ жүргізуде.

Ресейліктер маңғыстаулық түлектерді оқуға қабылдау үшін сынақ жүргізуде
Бұл шара екі елдің білім және ғылым министрліктерінің өзара келісімімен және республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының ұсынысымен жүзеге асып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталған сынақтан өтуге Маңғыстаудың мектеп бітіргелі отырған барлық жастары шақырылған. Олардың санына шек қойылмайды. Бүгін және ертең Ресейдің екі іргелі ЖОО-ның ұстаздары тіркеліп үлгерген оқушылардан Ақтаудағы №10 орта мектепте математика және физика пәндерін қосқанда 4 түрлі пән бойынша орыс тілінде тест сұрақтарына жауап алады. Мектептен осы сынаққа арнайы 7 кабинет ашып берілген. Дәл қазіргі мәлімет бойынша әзірге тіркелген талапкерлер саны ? 57. Сынақтан сүрінбей өткен оқушылар аталмыш білім ордаларында тегін оқуға мүмкіндік алады. Бір айта кетерлік жайт, бұл ресейлік мамандар Ақтауда өтіп жатқан республикалық пәндік олимпиаданың әділқазылар алқасының мүшелері. Мәскеу құрыш және қорытпа институты Ресейдің металлургиялық білім беру саласындағы оқу-әдістемелік бірлестігінің басты оқу орны болып саналады. Білім ордасы Ресей, Украина, Қазақстан елдерінің ЖОО-ларын біріктіретін «Жоғары металлургиялық білім» қауымдастығына жетекшілік етеді. Онда 30-дан астам мамандық бойынша инженер, бакалавр, магистрлер дайындалады. Ал екінші оқу орнына қабылданған жастар кванттық механика, кибернетика және оптика салалары бойынша білім алмақ.