Республика күнін қалпына келтіру әділеттілік қағидатының жарқын көрінісі - Мәулен Әшімбаев

Бұл туралы Сенат төрағасы бүгін өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр. Олардың барлығы Әділетті Қазақстан құру қағидасына табан тірейді. Осы ретте Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта қалпына келтіру де әділеттілік қағидатының жарқын көрінісі екені сөзсіз.
Шын мәнінде, 25 қазан біз үшін тәуелсіздікке ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге қол жеткізген күн ретінде қымбат. Себебі, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау арқылы халқымыз еркіндік жолында жүйелі саяси-құқықтық қадам жасады. Сондықтан бұл күнге ұлттық мәртебе беріп, оны жалпыхалықтық мерекеге айналдырудың маңызы зор»,-дейді Сенат төрағасы.
Оның сөзінше, елдік және ұлттық мүддені көздейтін осындай тарихи шешімдерді, ең алдымен, заңдық тұрғыда шегендеу қажет екені белгілі. Осыған орай Парламент қазіргі таңда бірқатар маңызды заңдар қабылдап жатыр. Бұл ретте Сенат депутаттары мен Аппарат қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өткен жөн.
«Бүгін Республика күніне орай Сенат қабырғасында ұйымдастырылған мерекелік жиында бір топ сенатор мен Аппарат қызметкеріне Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде тапсырдық. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін ұйымдастыруға және өткізуге айрықша үлес қосқан белсенді азаматтар да мемлекеттік наградалармен марапатталды. Барша марапат иелерін бүгінгі жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, жұмыстарына толайым табыс тілейміз.
Келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күні құтты болсын! Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Тәуелсіз еліміз мәңгі жасай берсін!»,-деп жазды Мәулен Әшімбаев.
Фото: senate.parlam.kz