13:45, 27 Мамыр 2015 | GMT +5
Республикалық байқауда ақжайықтық әнші бас жүлдені жеңіп алды - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданының мәдениет қызметкері Данияр Елеуов Атырауда өткен елге танымал әнші, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешев атындағы «Көрінген сонадайдан Нарын еді...» атты І республикалық дәстүрлі әншілер байқауынан бас жүлде алды.

Аталмыш байқауға Астана, Алматы, Ақтау, Орал, Атырау және басқа өңірлерден барлығы 22 үміткер қатысып, бақ сынады. Екі кезеңнен тұратын өнер сайысында Данияр Мұхит пен Ғарифолла туындыларын және халық әндерін орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.
Айта кетейік, марқұм Мекес Төрешев Мұхит пен Ғарифолланың ән дәстүрін жалғаушылардың бірі болатын.