Республиканың бірқатар облыстық соттарында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Кеңеске Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары Р. Мамырбаев, А. Сапарова, А. Қыдырбаева, М. Шегенов, ҚР Жоғарғы Сотының доғарыстағы судьясы А. Кравченко және Астана қалалық сотының судьясы С. Жармұханбетова қатысты.
Аталған іс-шараға облыстық сот төрағаларының басшылығымен сот алқаларының, аудандық және оған теңестірілген соттар төрағалары мен судьяларының, облыстық және қалалық құқық қорғау органдары басшыларының, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Облыстық сот төрағалары заң үстемдігін және соттың ашықтығы мен жариялылығын одан әрі қамтамасыз етуге қатысты Ұлт жоспарының тармақтарына жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» шеңберінде мемлекеттің құқықтық жүйесін қалыптастыратын 19 нақты қадам қарастырылған, олардың 11 қадамы мемлекеттің сот жүйесін реформалауға бағытталған.
Сонымен қатар, көп ұзамай үш буынды сот жүйесіне өту, судья лауазымына үміткерлер жасының 30 жасқа дейін жеткізілуі, сот істерін жүргізуге байланысты 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, жеке кепілгерліктің болуы, сондай-ақ қайта тағайындалған судьяларға бір жылдық сынақ мерзімінің енгізілуі жайында сөз қозғалды.
Сот төрелігі институты ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың құзырына берілетін болады. Осы орайда, аталған институтты Сот төрелігі академиясы деп қайта құрып, оның шеңберінде магистратура, біліктілікті арттыру және ғылыми-зерттеу институттарын құру көзделуде. Аталған тәжірибелік шара әрбір магистранттың іскерлік кемшіліктерін жедел жоюға жол ашады.
Бұған қоса, бейіндік оқу және ғылыми-әдістемелік орталықтардың болуы судьялардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ жеке ғылыми зерттеулер жүргізу, Жоғарғы Соттың қаулылары және жалпы отырыстардың ұсынымдары бойынша сараптама жасау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.
Реформалар Сот жюриі қызметіне де қатысты жүргізілетін болады. Сот жюриінің құрамында біліктілік комиссиясы мен тәртіптік комиссияны құру жоспарланып отыр. Жаңғыртылған алқаның құзырына жұмыс істеп жүрген судьяларға олардың қызметінің алғашқы бес және он жылы аяқталғанда, сондай-ақ жоғарғы сатыдағы соттың лауазымына жарияланған конкурсқа қатысу барысында кәсіби баға беру мәселелері кіреді.
Жоғарғы Соттың судьялары сот жүйесіне қатысты алдағы басқа да реформалар жайында тоқталып өтті. Мәселен, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқа және Халықаралық консультативтік кеңес құру көзделуде. Жоғарғы Сот өкілдерінің мәліметіне сәйкес, аталған заң жобаларының әзірленуі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталуы тиіс.
Тағы бір жаңашылдық деп азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту мәселесін айтуға болады. Прокурордың міндетті түрде қатысуын тек мына жағдайларда: яғни, мемлекеттің мүддесі қозғалған жағдайда соттың немесе прокурордың бастамасымен, өздерін қорғай алмайтын азаматтарға қатысты дауларды шешу кезінде, сондай-ақ тұлғалардың қоғамдық мүдделерін қорғау қажет болған жағдайлардада сақтау ұсынылуда.
Сонымен қатар, Жоғарғы Сот өкілдері судьялардың жаңа этикалық кодексін әзірлеу, Жоғарғы Сот Кеңесінің қайта құрылуы, судьялар мен Жоғарғы Сот қызметкерлері санының артуы, сондай-ақ судья лауазымына үміткерлерді іріктеу критерийлеріне нақты тоқталды.
Кеңес соңында Жоғарғы Соттың кадр резервіне кандидаттарды іріктеу бойынша жасырын сауалнама жүргізілді.