Ретро хиттер мен әлемдік жұлдыздар: Көшпенділер ойындарында кімдер ән салады
АСТАНА. KAZINFORM — VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын өнерпаздар құрамы жарияланды, деп хабарлайды Кабар.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бірқатар шетелдік жұлдыз, хедлайнерлер мен әлемге танымал өнерпаздар өнер көрсетеді. Бұл туралы Чолпон-Ата қаласында өткен брифингте Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасының бас режиссері Алтынбек Максутов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өнерпаздар құрамы қазіргі жастардан бастап аға буынға дейінгі барлық жастағы көрермендердің қызығушылығы ескеріліп жасақталған.
Концерт алаңдарында, сондай-ақ ойындардың ашылу және жабылу салтанаттарының прологтарында қырғызстандық өнерпаздармен бірге нидерландтық әнші Eva Simons, француздық Gipsy Kings поп-тобы, неміс әншісі Haddaway, эквадорлық музыкант Leo Rojas, ресейлік әнші Дмитрий Колдун, әзербайжандық әнші Роза Зергерли, Башқұртстаннан келген Ay Yola музыкалық триосы және якутиялық «Кыл Саха» мен «Аярхан» ансамбльдері өнер көрсетеді.
Құрметті қонақтар мен Ойындардың елшілері ретінде Голливуд актері Дон «Дракон» Уилсон, америкалық актриса Бай Лин, театр және кино актрисасы Наталья Аринбасарова, сондай-ақ «Оскар» сыйлығының лауреаты, кинорежиссер Збигнев Жмудский қатысады.
Алтынбек Максутовтың айтуынша, шетелдік қонақтардың сапарына бюджет қаражаты жұмсалған жоқ. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау үшін өз бастамаларымен келді, сондай-ақ олардың сапарына демеушілер қаржылай қолдау көрсетті.
Бұдан бұрын бүгін Шолпан-Ата қаласында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтетін көкбөрі және көкпар турнирлеріне қатысатын командалардың жеребесі тартылғанын жазған едік.