РФ банктері ипотекалық несие бойынша мөлшерлемені жаппай көтере бастады
Банктер ипотекалық несие бойынша мөлшерлемені қыркүйек-қазан айларында көтере бастаған. Қазан айының ортасында нарық лидерлерінің бірі - ВТБ24 - баспана несиесін 0,5 пайызға көтерген. Жылжымайтын мүлікті сатып алуға берілетін несие бойынша максималды мөлшерлеме жылдық 14,45%-ға дейін көтерілді. Қараша айында ипотека орташа алғанда 0,5-1 пайыз қымбаттады. Қараша-желтоқсан айларында ипотека бойынша мөлшерлемені Газпромбанк (0,5-1), Альфа-банк (0,7), «Открытие» банкі (1-1,25), Промсвязьбанк (0,25-0,9), СМП Банк (2-3,5 п.п), «ДельтаКредит» банкі (0,25-1 п.п.) өсірді. Сондай-ақ, ипотека Райффайзенбанкте, Ханты-Мансийск банкінде, РСХБ, МТС Банкінде қымбаттады.
«Тұрғын үй несиелері бойынша мөлшерлеменің өсуі себептерінің бірі Орталық банктің негізгі мөлшерлемесінің 9,5% дейін өсуі», - деді Абсолют Банкі басқарма төрағасының орынбасары Татьяна Ушкова. Локо Банктің ипотекалық бизнесінің директоры Ирина Дзюбаның сөзіне қарағанда, батыс капиталы нарығының жабылуы, теріс экономикалық факторлар банктерге әсер еткен. Сондықтан олар несие құнын өсіруге мәжбүр.
Ипотека алдағы уақытта да қымбаттауы мүмкін дейді мамандар. «Қазір баспананы сатып алуға берілетін несие мөлшерлемесі рубльмен есептегенде шамамен жылдық 14%-ға қымбаттады. Мөлшерлемені көтермеген банктер алдағы уақытта бағаны қымбаттатады деп ойлаймын», - деді «Интеркоммерц» банкінің сүйемелдеу және ипотекалық несиелерді қаржыландыру басқармасының басшысы Наталья Кулагина.