РФ Мемлекеттік Думасы: ТМД елдері сарабдал ұлттық саясатты жүргізуде Қазақстанның оңды тәжірибесін пайдаланғаны жөн
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат – Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасында «Азаматтардың этномәдени қоғамдық бірлестіктері туралы» заң жобасын талқылауға арналған халықаралық «дөңгелек үстел» өтті.
Оның жұмысына Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының парламентшілері, жұмыс тобының мүшелері, РФ Мемлекеттік Думасының Ұлттар ісі жөніндегі комитетінің сарапшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары Любовь Слиска дөңгелек үстел отырысын аша отырып, талқыланып отырған «Азаматтардың этномәдени қоғамдық бірлестіктері туралы» заң жобасы шекаралас ТМД мемлекеттерімен ынтымақтастықтың экономикалық түрлерімен қатар дәстүрлі мәдени байланыстарды жетілдіруге қажетті «құқықтық кеңестік» құратынын атап өтті.Мемлекеттік Думаның Ұлттар істері жөніндегі комитетінің төрағасы Валентин Купцов бұл орайда қоғамдық дипломатияның рөлі арта түсіп отырғанын атап өтті.Жаңа заң жобасы жөнінде Ұлттар ісі жөніндегі комитеттің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі В.Антонов толық ақпарат берді, ол заң жобасы азаматтардың ұлттық-мәдени бірлестіктер құру құқығын заңдық түрде бекітуді көздейтінін атап көрсетті.Дөңгелек үстел отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Қылышбай Бисенов Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер құрудың бірегей тәжірибесі туралы айтып берді. Ол Қазақстандағы ұлттық-мәдени бірлестіктердің қалай жұмыс жасап жатқаны туралы айта келіп, кез келген қоғамдағы игілік пен тұрақтылық оны құрап отырған халықтардың үйлесімді дамуымен тікелей байланысты екенін атап көрсетті. Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы бірінші ұлыстық форумда көтергенін атап өтті. Сол кезде Мемлекет басшысы «Біздің басты байлығымыз ? халықтар достығын қазақстандықтардың әлденеше ұрпағы жасады. Өткенді ой елегінен өткізе отырып, қазақстандықтардың бұл байлықты жоғалтуға, тамаша дәстүрлерді ұмытуға хақысы жоқ», деп атап көрсеткен болатын. 1995 жылы наурыздың 1-інде ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Оның басты мақсаттары - қоғамдық тұрақтылықты нығайту, ұлттық мәселелерді әділетті шешуге жәрдемдесу, еліміз халықтарын қазақстандық патриотизм, азаматтық және рухани-ұлттық бірлік, азаматтардың саяси мәдениеті негізінде топтастыру болды. Бүгінде бұл ұйым 470 ұлттық-мәдени орталықты біріктіріп отырған қуатты күшке айналды. Біздің республикамызда этномәдени бірлестіктердің қалыптасып, дамуына тиісті құқықтық база құрылуы зор рөл атқарды. Елімізде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңдар қабылданды. ҚР Үкіметі бекіткен 2006-2008 жылдарға арналған ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдіру бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылды. 2007 жылғы конституциялық өзгерістерге сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебе алып, Мәжіліске одан тоғыз депутат сайланды. Қазақстанда діни сенім бостандығын қамтамасыз ету, конфессияаралық келісім және діни тең құқылық саясаты дәйекті жүргізілуде. 2003 жылғы қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі, ал 2006 жылы қыркүйекте ? ІІ съезі өтті. Енді оның ІІІ съезі биыл шілде айында Астанада БҰҰ қолдауымен өткелі отыр.ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының сөзінен кейін дөңгелек үстел отырысына қатысушылар сарабдал ұлт саясатын жүргізуде Қазақстанның оңды тәжірибесін пайдалану қажет деп атап өтті.«Азаматтардың этномәдени қоғамдық бірлестіктері туралы» модельдік заң жобасы 2009 жылғы мамыр айында өтетін ТМД қатысушы мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясы сессиясының қарауына ұсынылатын болды.