РФ Президентін сайлауға БҚО-дағы ресейлік азаматтар да белсене қатысты

РФ-ның Орал қаласындағы консулы Сергей Прохоровтың айтуынша, Президент сайлауында Орал қаласының өзінен 828 адам өз таңдауын жасаған.
-Консулдік округ аумағында жүрген барлық Ресей азаматтарының сайлауға қатысуға толық конституциялық құқығы бар. Бірақ округ бойынша дауыс берушілердің нақты санын анықтау қиынға соқты. Екі ел арасындағы барыс-келіске байланысты бұл көрсеткіш өзгеріп отырады. Сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер де бар. Әдетте, сайлаушылардың дені дауыс беруге түстен кейін келеді. Ал жергілікті уақытпен 15.00 сағаттан бастап учаскеге келе алмайтын (жасы ұлғайғандар, әлеуметтік әлжуаз топ өкілдері) дауыс берушілердің үйлеріне комиссия мүшелері сайлау жәшігін алып барды. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде жүргізілген сауалнама барысында сайлаушылардың белсенділік танытатынын байқадық, - деді Сергей Прохоров.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 8.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-де тәмамдалды. Орал қаласындағы сайлау учаскесінде РФ Коммунистік партиясынан екі байқаушы қатысты.
Аймақтағы консулдік округтің құрамына Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары кіреді. Биылғы сәуір айында аталған консулдіктің ашылғанына 10 жыл толады.