Рыбакинаны жеңген теннисші Аустралия чемпионатының финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Мэдисон Киз Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.

Мэдисон Киз
Фото: championat.com

Осы жарыстың төртінші айналымында қазақстандық Елена Рыбакинаны жолдан тайдырған америкалық теннисші жартылай финалда әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекке қарсы келді.

Бірінші партияда Швентек 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде Киз артығымен есе қайырды – 6:1.

Үшінші, шешуші сетте есеп 6:5 болған мезетте Швентек матчболын пайдалана алмады.

Супер тай-брейкте Киз жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:8).

Екі сағат 37 минутқа созылған, финалға бергісіз ойында Мэдисон 7 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың тең жартысын құр жібермеді. Эйс жасамаған Ига 16 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды.

Осылайша, өз спорттық жолында екінші рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шыққан М.Киз соңғы бәсекеде әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салады.

Қазірдің өзінде М.Киз WTA Live рейтингісінде 8-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның ширек финалдан тыс қалғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар