Australian Open: Елена Рыбакина ширек финалдан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шыға алмады.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін төрт рет кездескен еді, есеп тең – 2:2. Өткен жылы Майамидегі (АҚШ) соңғы ойында Рыбакина 6:3, 7:5 есебімен жеңген болатын.
Бұл жолы бірінші партияда Киз брейкпен алға кетті – 3:1. Содан кейін сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.
Екінші сетті Рыбакина сәтті бастап, айқын басымдылыққа қол жеткізді – 6:1.
Үшінші, шешуші партияда Рыбакина өз мүмкіндіктерін пайдалана алмаса, Киз сондай сәттерде сәтті ойнады - 6:3.
Бір сағат 50 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 3 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың төртеуін ғана пайдаланды. Киз 4 эйс, 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Мэдисон Киз жартылай финалға шығу үшін әлемнің 27-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол дүниежүзілік рейтингіде 75-орында тұрған ресейлік Вероника Кудерметованы жолдан тайдырды – 6:4, 6:1.
Осылайша, ересектер арасында Аустралия чемпионатында Қазақстаннан ешкім қалмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының жұптық сындағы кездесуін сәтті өткізгенін жазған едік.
З.Нұрланұлы жекелей сында екінші айналымда болгариялық Александр Васильевке жол берді – 2:6, 4:6.