Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Риддер тұрғыны XIX ғасырда жасалған сирек револьверді полицияға тапсырды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғыны XIX ғасырда жасалған сирек револьверді полицияға тапсырды.

Риддер тұрғыны XIX ғасырда жасалған сирек револьверді полицияға тапсырды
Фото: ШҚО ПД

Громотуха өзенінің маңында серуендеп жүрген 43 жастағы ер адам ғасырлық тарихы бар раритетті атыс қаруын тауып алды.

— Қарудың кез келген түрін тіркеусіз сақтау заңбұзушылық екенін түсінген қала тұрғыны табылған затты өзінде қалдырмай, дереу Риддер қалалық полиция бөліміне хабарласып, қаруды полиция қызметкерлеріне табыс етті. Жедел-криминалистика басқармасының мамандары жүргізген зерттеу нәтижесінде, оның 8 мм калибрлі Лефоше жүйесіндегі револьвер екені анықталды. Бұл револьверлер — XIX ғасырдың соңындағы аңызға айналған қару. Штаттық оқ-дәрілердің болмауына байланысты оның атысқа жарамдылығын анықтау мүмкін болмағанымен, сарапшылар заттың зауыттық шығу тегін және тарихи құндылығын растады. Бұл табылған «өткен шақтың сынығы» құқық қорғау органдарына дер кезінде өткізілген сирек кездесетін жағдай, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.

Қазіргі уақытта құнды жәдігер есепке алынды.

Еске салсақ, осыған дейін заңсыз сақталған қаруды ақылы негізде қабылдау акциясы аясында ШҚО полициясына 1900 жылы шығарылған, сирек кездесетін «Браунинг» жүйесіндегі тапанша тапсырылды.