Риддерлік кәсіпкерлер жылу ақысының дұрыс есептелмегеніне наразы
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы кәсіпкерлер жылу ақысының дұрыс есептелмегеніне наразазылық білдірді.
Кәсіпкерлерге 2022-2023 жылдардағы жылу үшін берешектері бар екендігі туралы ескерту келген. Дәл осы кезеңде Риддердегі жылу электр орталығында апат шығып, қалада төтенше жағдай режимі жарияланған еді. Бизнес өкілдері өздеріне қызметтің мүлде көрсетілмегенін айтып, жылу үшін берешектің негізсіздігін алға тартты.
Бұл мәселе ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесінде қаралды.
– Берешек ретінде көрсетілген сома біздің деректерімен сәйкес келмейді. Ал сол кездердегі көрсетілген қызмет актілерін алу мүмкін емес. Соңғы жылдары Риддер ЖЭО екі рет иесін ауыстырған, ал жаңа меншік иесінде алдыңғы қаржылық есеп-қисап туралы толық ақпарат жоқ, - дейді кәсіпкерлер.
Жағдайды қиындатып отырған тағы бір фактор – ЖЭО-ның абоненттік бөліміндегі кассалық аппарат ұзақ уақыт бойы табыс есебі жүйесіне қосылмаған. Соның салдарынан кәсіпкерлердің бірқатар төлемі ресми түрде көрінбей, «виртуалды қарыздардың» пайда болуына әкеліп соққан.
Салық органдары кәсіпкерлердің шоттарын себепсіз бұғаттамайтынын, әр жағдайды жеке қарауға дайын екендерін мәлімдеді. Алайда бизнес иелері қазір үш топқа бөлініп отыр: төлемін дәлелдей алатындар, қарызын мойындайтындар және ешқандай құжаты жоқтар.
– Кәсіпкерлер өздері ықпал ете алмайтын жүйелік қателер үшін жауап бермеуі тиіс. Сондықтан ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жылу жүйесіндегі ақаулар, ЖЭО-ның иесінің бірнеше рет ауысуы және есеп жүргізудегі олқылықтар салдарынан қиндыққа тап болғандар үшін жеке реттеу тетігін әзірлеу туралы ұсыныспен Мемлекеттік кірістер комитетіне жүгінеді, - деді кеңес төрағасы Игорь Шацкий.
Еске салсақ, осыған дейін Риддерде шу шыққан мектепті арнайы комиссия тексеретіні хабарланған.