Рим 2036 немесе 2040 жылғы Олимпиаданы өткізуге өтінім бермек
АСТАНА. KAZINFORM – Италия астанасының мэрі Роберто Гуальтьери Римнің 2036 немесе 2040 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге өтінім беруге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Еуропа одағындағы меншікті тілшісі БТА агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қала әкімінің айтуынша, ірі спорттық жарыстар экономиканың дамуына серпін беріп, инфрақұрылымды жаңғыртуға жол ашады. Роберто Гуальтьери Римдегі жаңа стадиондардың құрылысына да тоқталды. Қазір «Рома» футбол клубына арналған жаңа арена салынып жатыр. Ал 2032 жылғы Еуропа чемпионатына дайындық аясында «Лацио» клубына арналған спорт нысанының құрылысы қатар қолға алынған.
Әкімнің сөзінше, аталған жобалар Римнің Олимпиада ойындарын өткізу жөніндегі өтінімін одан әрі нығайта түседі.
Еске сала кетейік, Римде Олимпиада ойындары бұған дейін 1960 жылы өткен. Ал 2020 және 2024 жылғы ойындарды өткізуге ниет білдіргенімен, екі талпыныс та жүзеге аспады. 2020 жылғы жобаға үкімет қолдау көрсетпесе, 2024 жылғы өтінімді сол кездегі Рим мэрі Вирджиния Раджи қайтарып алған.
Әзірге Халықаралық Олимпиада комитетіне ресми өтінім берілген жоқ. Дегенмен жоба жүзеге асыруға лайық деп бағаланса, Рим билігі Италия үкіметі және Ұлттық Олимпиада комитетімен (CONI) бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
Италиялық басылымдардың мәліметінше, CONI Олимпиада ойындарын Рим мен Неапольде қатар өткізуді қарастырып жатыр. Жарыстардың бір бөлігі Неапольде өтпек. Олимпиаданы 2036 немесе 2040 жылы өткізу туралы шешім әзірге қабылданған жоқ. Бұл ретте 2026 жылғы Милан мен Кортинада өтетін қысқы Олимпиада ойындарынан кейінгі қаржылық жағдай да ескеріліп отыр.
2036 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге Үндістан, Түркия, Чили және Индонезия қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Мажарстан, Мысыр, Канада, Сауд Арабиясы және Қатардан да өтінім түсуі мүмкін.
Бұған дейін Италиядағы 2026 жылғы Олимпиада ойындарына жұмсалған шығын 5 млрд доллардан асқаны хабарланған болатын.
Ақзат Бақытжанқызы