Рим Папасы қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — Рим Папасы Франциск 89 жасқа қараған шағында көз жұмды, деп хабарлайды ТАСС.

VaticanNews мәліметінше, Рим папасы 2025 жылғы 21 сәуірде, дүйсенбі күні Ватикандағы Каса-Санта-Марта резиденциясында дүниеден озған.
Сағат 9:45-те Апостолдық палатаның камерленгосы кардинал Кевин Фаррелл Санта-Марта үйінен Рим Папасы Францисктің қайтыс болғаны туралы хабарлады.
— Қымбатты бауырлар, мен Рим Папасы Францисктің қайтыс болғаны туралы қайғылы хабарды жеткізуге мәжбүрмін. Бүгін таңғы сағат 7:35-те Римнің епископы Франциск өмірден өтті. Ол ғұмырын құдайға және оның шіркеуіне қызмет етуге арнады, — делінген Ватикан хабарламасында.
Pope Francis died on Easter Monday, April 21, 2025, at the age of 88 at his residence in the Vatican's Casa Santa Marta. pic.twitter.com/jUIkbplVi2
— Vatican News (@VaticanNews) April 21, 2025
Понтифик Франциск 1936 жылы 17 желтоқсанда Аргентинада дүниеге келген. 2013 жылғы 13 наурызда Рим папасы атанды. Сайланғанға дейін 1998—2013 жылдары Аргентинаның примасы және Буэнос-Айрестің архиепископы болды.
Кеше ғана Пасха жексенбісінде Папа Франциск дәстүрлі батасын беру үшін Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған сенушілердің алдына шыққаны хабарланған еді.
Осыған дейін Рим Папасы Реджина Коэли түрмесіне барғаны белгілі болды.
Еске сала кетейік, 14 ақпанда Папа Франциск ауыр бронхитке байланысты Римдегі Джемелли ауруханасына жатқызылған болатын. Ол 23 наурызда 38 күндік емнен кейін екіжақты пневмония диагнозымен ауруханадан шықты.
Жас кезінде понтификтің өкпесінің бір бөлігін алып тастаған және өмір бойы тыныс алу проблемасынан зардап шегіп келді.
Соңғы уақытта Рим папасы ем қабылдап жүргені және тек маңызды шараларда ғана қысқа уақытқа көпшілік алдына шығып жүргені айтылды.