Рио-2016: Қазақстан бүгін жалпы есепте кешегі орнын сақтап қалды

РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есепте кешегі 20-орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.

Рио-2016: Қазақстан бүгін жалпы есепте кешегі орнын сақтап қалды

Тура қазіргі есеп бойынша АҚШ 37 алтын 34 күміс, 32 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте  көш бастап тұр. Ал Қазақстан құрамасы бүгінгі боксшыларымыз  Иван Дычко мен Дариға Шәкімова жеңіп алған қос қола медальмен 20-орынын сақтап қалды.

Қазір Қазақстан қоржынында 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль бар.

Еске сала кетейік, ауыр атлет Нижат Рахимов пен жүзуші Дмитрий Баландин және 69 келі салмақтағы боксшымыз Данияр Елеусінов  Рио Олимпиадасының чемпионы атанған еді. Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін осыған дейін, балуан Елдос Сметов, ауыр атлет Жазира Жаппарқұл, боксшы Василий Левит жеңіп алса, бүгін бокстан 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов және әйелдер күресінен  Гюзель Манюрова күміс жүлдегер атанды.

Ал осыған дейін қола медальдарды дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах, үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков және әйелдер күресінен кеше Эльмира Сыздықова иеленсе, бүгін әйелдер күресінен 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Екатерина Ларионова Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бүгін бокстан Дычко мен Шәкімова Қазақстан қоржынына екі қола сыйлады.