Рио-2016: Мария Дмитриенко стенді атудағы іріктеуде 10-дыққа кірді
АСТАНА-РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Қазақстандық мерген Мария Дмитриенко Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында стенді атудан іріктеу раундысында 10-дыққа кірді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Өкінішке орай, Дмитриенко сегізінші орынға (66 балл) табан тіреп, жартылай финалистердің алтылығына өте алмады. Оның қарсыластары 18 елден 21 атлет болды.
Үздік нәтиже көрсеткен үштікте австралиялық Латиша Сканлан (70), Джессика Росси (69) және испандық Фатима Галвез (69) бар. Олимпиада чемпионы Росси Лондон Олимпиадасындағы өз нәтижесіне жете алмады. Онда ол олимпиялық рекорд орнатқан болатын.
Мария Дмитриенко - стенді атудан Қазақстан құрамасының жетекші спортшысы, оңтүстіккореялық Кванджудағы жазғы Универсиадаға қатысушы, халықаралық турнирлердің бірнеше мәрте жүлдегері.
Айта кетейік, 5 тамыз күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында басталған ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы 104 спортшыны алып келді. Ойындардың алғашқы күні Қазақстан қоржынына қос медаль түсті. Дзюдодан әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Отгонцэцэг Галбадрах қола жүлдеге ие болса, тағы бір дзюдошы ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Елдос Сметов күміс жүлдегер атанды. Олимпиада ойындары 21 тамыз күні аяқталады.