Рио-2016: Шведова мүмкіндікті пайдалана алмады - Диас Досқараев
РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Шведова мүмкіндікті пайдалана алмады. Бұл туралы теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.
"Ярослава Шведова алғашқы сетте өз ойынын таппады. Сондай-ақ соққысының пайызы өте төмен болды. Оң жақтан бэгхэндтен ойын тапқанымен, соққылары нәтиже бермеді. Жарысқа сақадай сай едік. Жапония ойыншысы Мисако Доидың ойынымен жіті таныспыз. Қалай ойнайтынын, қарсыласына не істейтінін - бәрімен таныс едік. өкінішке қарай Ярослава Шведова берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмады. Бүгін Доидың ойыны өте жақсы болды. Қателікке жол берген жоқ. Бұл - спорт. Қателікті кешірмейді. Барлығы Шведованың өз қолында еді. Енді қателікпен жұмыс істейтін боламыз", - деді Диас Досқараев.
Естеріңізге сала кетейік, Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында қазақстандық теннисші Ярослава Шведова әйелдер арасындағы жекелей сында жапон қызы Мисаки Доиға ұтылып қалған қалған болатын. Жапон қызы қазақстандық спортшыны екі сеттің қорытындысы бойынша 6:3, 6:4 есебімен ұтты.