Рио алтынын алған спортшыға 250 мың доллар беріледі - ҚР МСМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиадада, оның ішінде 2016 жылдың тамызында өтетін Рио-де-Жанейро ойындарында жүлдегер атанған спортшыларға берілетін сыйақы көлемі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына орай еліміздің ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім етті.
None
None

«Үкімет қаулысымен осы уақытқа дейін бекітілген олимпиада жүлдегерлерінің сыйақы көлемі өзгеріссіз қалады: Олимпиада алтынына 250 мың, күмісіне 150 мың, ал қола медаліне 75 мың доллар беріледі», - деді министрліктен.

Ведомство ақпаратына сәйкес, осы уақытқа дейін еліміздің спортшылары спорттың 12 түрінен 48 лицензия жеңіп алды. Жалпы, Олимпиада ойындарына дейін спорттың 25 түрінен 100-ден астам лицензияға иелік ету жоспарланған.

Айта кетерлігі, еліміздің басты спорттық ведомствосы осы жолы қанша спортымыздың жүлдегер атанатындығына қатысты болжам жасаудан аяқ тартып отыр. «Ең бірінші кезекте бұл спорт болғандықтан тосын жайттардың жиі болатындығын қаперге ұстау қажет. Барлық қатысушылар да бұл жарысқа жыл бойы дайындалады. Сондықтан бәсекелестік өте жоғары. Өздеріңіз де білетіндей, елімізде болашағы зор спортшылар көп. Біреуін бөле-жара айту дұрыс емес. Ең бастысы, болжам жасалған спортшы қобалжуы мүмкін. Ал мұның барлығы да нәтижеге өз әсерін тигізеді. Яғни, спортшының дайындық деңгейін Олимпиада көрсетеді», - деп хабарлады министрліктен.

Жалпы, қазақстандық спортшылардың дайындығына барлық жағдай жасалып, олардың жаттығу жоспарларының кестесі бекітілген. Қазіргі уақытта лицензия ұтып алу үшін көптеген спортшылар әлем кубоктарының кезеңдеріне қатысып, қажетті ұпайлар жинауда.

Айта кетерлігі, Халықаралық олимпиада комитеті аккредиттелген журналистер үшін Қазақстанға орын беріп отыр. Оған 2 фотограф пен ассистент және 8 журналист кіреді. Ал ресми хабар тарату құқығына ие қазақстандық телеарналар өздерінің түсірілім топтарын іссапарға жіберетін болады.

Соңғы жаңалықтар