Рио Олимпиадасының жүлдегері Екатерина Ларионова «Жыл жаңалығы» атанды
Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылған байқаудың қорытынды шарасына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, жастар арасындағы жыл үздіктерін марапаттау биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Кеңес одағы ыдыраған тұста еліміз қиын кезеңді де бастан кешірді. Елбасының бастауымен соның бәрін жеңіп шыққан Қазақ елінде бейбітшілік пен келісім, тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу үшін қазіргі таңда барлық жағдай бар. Соның ішінде жастарға даңғыл жол ашылып, мол мүмкіндіктер жасалып отыр. Әр салада еселі еңбек етіп, өз ісінің шебері атанып жүрген жастар баршылық. Солардың ең үздіктерін анықтап, көп алдында төрге шығарып, ынталандырудың маңызы зор.
Сонымен, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің магистрі, Назарбаев зияткерлік мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақытгүл Әбдірова «Үздік жас ұстаз», М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлегі, Сырым аудандық ауруханасының хирургі, биыл 58 сәтті ота жасаған Тимур Еспентаев «Үздік жас дәрігер», М.Өтемісов атындағы БҚМУ түлегі, Назарбаев зияткерлік мектебінің педагог-хореграфы Аслан Тілеуғалиев «Үздік жас өнерпаз», «Батыс Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ электр жабдықтарының маманы Денис Комаров «Үздік жас маман» атанды. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы ғылыми-зерттеу орталығының балық өсіру бойынша технигі Рухан Құлбаев «Үздік жас ғалым», облыстық ТДК-42 телеарнасының журналисі Жандос Хамза «Үздік жас тілші», Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың озат студенті Әлихан Баймұхамбетов «Үздік студент», БҚО «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев «Үздік жас көшбасшы», Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Бақдәулет Зәкіров «Үздік мектеп көшбасшысы», шорт-тректен Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы Абзал Әжіғалиев «Үздік жас спортшы» аталымын иеленді. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының облыстық штабы (жетекшісі Болат Досмағамбетов) «Үздік жастар ұйымы», «Алға, Қазақстан!» жобасының менеджері Гельман Бекталиев «Үздік бизнес-жоба» бойынша озып шықса, «Ерлігі үшін» медалінің иегерлері, полиция капитаны Асылан Айтмұқанов пен полиция аға сержанты Ардақ Ибрашев «Қайсарлығы мен батылдығы үшін», «Аяла» қайырымдылық дүкені «Мейірім» аталымымен аталып өтілді.
Шара соңында өңір басшысы Рио олимпиадасында әйелдер күресінен қола жүлдегер атанған Екатерина Ларионованы тек Батыс Қазақстан облысы ғана емес, күллі Қазақ елі мақтан тұтатынын айтып, оған «Жыл жаңалығы» сыйлығын табыс етті.
Айта кетейік, 13 желтоқсан күні Оралда жастар мен оқушылар сарайы және оның жанынан Ақ Жайықтан түлеп ұшқан Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылады.