РИО сапарынан: Ел намысын арқалаған олимпиадашылармен ұшақта емен-жарқын сырластық

АСТАНА-АМСТЕРДАМ-САН-ПАУЛУ-РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Астанадан шыққан алып ұшақ қызғалдақтар мекені саналатын Голландияға келіп, онда екі сағаттан астам Сан Паулу - Рио-де-Жанейро ұшағын күтуге тура келді.

РИО сапарынан: Ел намысын арқалаған  олимпиадашылармен  ұшақта емен-жарқын  сырластық

Біз отырған ұшақпен Олимпиадада ел намысын қорғайтын грек-рим, дзюдо және ауыр атлетика құрамалары бірге ұшып келді. Амстердам әуе жайына қонғаннан кейін осы аталған құрама спортшыларымен еркін әңгімелесіп, бірге суретке түсудің де сәті түсті. Елде жүргенде ұстата бермейтін спортшылар өзге елге бірге аттанып бара жатқаннан болар, жақын сырласып, еркін әңгімелесіп, сұхбат құрды.

Қазақтың бас балуаны, атақты Балуан Шолақтың шөбересі Нұрмұхан Тінәлиев қана журналистерге сараң сөйлеп, менің «Дайындық қалай?» деген сұрағыма: «Бәрін бозкілем көрсетеді. Сондықтан қазір ештеңе айтқым келмейді. Бүгін аман-есен жетіп алайық. Сосын сөйлесерміз» деп қысқа қайырды әңгімесін.

Ал өзге спортшылар «алдын ала бәрін кесіп-пішіп айтуға болмайды. Жеңілу үшін емес жеңу үшін келдік. Алланың басқа салғанын көреміз »,-  деп ағынан жарылып, өзімізбен жақын танысып жатты. Тіпті, спортшылар өздері танысып, қайсымыз қай ақпарат көзінен екенімізді сұрауды да ұмытпады.

Менің «ҚазАқпарат» агенттігінен екенімді білген Алмат Кебісбаев туысқанына «ҚазАкпарат»  агенттігінің тілшісі бар екен, деп, жарыс кезінде осы сайтты қарап отыруды тапсырып жатты. Осылайша бір ұшақта спортшылармен емін-еркін әңгімелесудің сәті түсті.

Бапкерлер де тілшілермен жақын сөйлесіп, өз еріктерімен сұхбат берді. Ол туралы алдағы уақытта кеңірек жазатын боламыз. Қазір қысқаша тоқталып өтейік. Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы , әлем чемпионы Бақтияр Байсейітов те жігіттерге сенімді, «Барлық оқу-жаттығу жиындарын тыңғылықты өткіздік. Рас, біз Риоға үш қана балуан әкелдік, бірақ, үшеуі де әлемдік санаттағы мықты спортшылар. Жеребе сәтті болса,  үшеуі де жүлдеге ие болады» - дейді.

Ал грек-рим күресінің бас бапкері Таңат Сағындықов та сан емес сапаға жұмыс жасағандарын айтты. Қазақ жастарынан алғаш рет самбодан әлем чемпионы болған Қанат Байшолақовтың туған бауыры Талғат Байшолақов Максим Раковтың бапкері. Максимнің өз салмағындағы барлық балуандарды әр түрлі жарыстарда жеңгенін айтып, бұл жолы шәкірті жүлдемен қайтады деп сендірді бізді.

Әрине, соңғы жылдары Қазақстан құрамасы серкесінің  анау айтқандай жолы оншалықты болмады. Астанада өткен әлем чемпионатында Максимнің көңілі қатты құлазығанын байқағанбыз. Қолынан келгенін аянған  жоқ, бірақ, күресі ойынан шықпады. Үнемі формада болу мүмкін емес, әйтпесе осы Максим Гуанжоуда өткен Азия ойындарында  моңғол   халқына  ғана емес , дүние жүзіне әйгілі балуан Найданның шаңын тулақтай қағып алғанын өзіміз де көргенбіз.

Ал Астанадан бір ұшаққа отырған ауыр атлеттер Сан-Паулуға  келген соң Риоға бөлек рейспен ұшып кетті. Лондонда қазақ әнұранын хитқа айналдырған бапкердің көңілі алаңдаулы екенін байқап, біздер де оны мазалай бермедік.

Енді Амстердам әуе жайындағы спортшылар мен журналистердің рейс күтуі барысындағы түсірілген фотокөріністерді назарларыңызға ұсынамыз. 

null 

null null