«Роден» балетін жазу идеясы хореограф үшін заңды құбылыс - қойылым авторы Б.Эйфман
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Ақынның «жеккөрушілік - жәбірленген махаббат», деген сөздері суретші-мүсінші Камилла Клодельдің жете бағаланбаған сезімін дәлме-дәл жеткізетіндей. Огюст Роденнің жас музасы атақ пен табыстың дәмін татпай жатып-ақ ақылынан адастырады. Роден азаматтық некедегі жұбайы және ашынасымен айрылысқанынан қатты азап тартқанымен екеуіне де жылы сезімін сақтап қалады.
Адамзат баласының бойында ұлы сезімдер, құштарлық, қуаныш пен қайғы 22-23 қараша күндері «Астана Опера» сахнасында тұсауы кесілетін «Роден» спектаклінің негізгі желісіне арқау болған. Ал махаббат жайлы осы бір шытырман оқиғаның анығына жетуге «Роден» балеттік спектаклінің авторы Борис Эйфманның өзі көмектеседі.
- Махаббат оқиғасы, үшбұрышта тоғысқан сезімдер, құштарлық, психологиялық драма, эмоциялар - бұл «Роден» балетімен байланыстырылатын алғашқы сезімдер. Сіздің ойыңызша, Огюст Роденге ұлы мүсінші атанудың өтемі қаншалықты болды?
- Оның өтемі өте жоғары, тіпті, сұмдық болды. Адам бақыты, денсаулығы, жан тыныштығы - осының бәрін ол мәңгі өшпес шығармашылық иелену үшін құрбан етеді. Роден мен Клодель ондаған жылдар бойы миллиондаған адамды таң қалдыруда. Солардың азы ғана ұлы шеберлер шығармашылығының арғы жағында жеке өмірі қандай драмаға толы болғанына ойланады. Нағыз данышпанның өмір жолы қашанда сынаққа және қиындыққа толы. Біз балетте осыған ой саламыз.
- «Роден» балеті биографиялық туынды ғой?
- Менің барлық спектакльдерім сияқты ол да биографиялық шығарма. Түсінесіз бе, мен жаныма жат кейіпкерлер жайлы балет жаза алмаймын. Менің және қойылымдағы кейіпкеріммен арамызда міндетті түрде белгілі бір метафизикалық байланыс, рухани туыстық жібі болуы керек. Роденнің өмірі уайым-қайғы мен күдікке толы, мен оны жақсы түсінем. Мұнымен қатар оның тұлғасымен тығыз байланысатын шығармашылық еңбекті құрбан ету, суретшінің өзін ерікті түрде азап шектіруі жаныма өте жақын. Күнде демалыссыз 10 сағат жұмыс істеп, көптеген күнделікті адамға тән қуаныштан, дүниенің қызығынан баз кешудің не екенін мен жақсы білемін.
- Клодельдің жанында Раушан жеңіліске ұшыраған кейіпкер, себебі ол данышпан емес, Сіздің бұл кейіпкерге көзқарасыңыз қандай?
- Менің оған қатты жаным ашиды. Раушанның «кінәсі» - тек қана оның тұрмыс-тіршілікпен жүрген және бақытты болғысы келетін қарапайым әйел болғандығында. Ол Роденнің өміріне тыныштық пен береке әкелуге ұмтылды, алайда одан артық ешнәрсе бере алмады. Осы себепті де ол данышпан суретшінің өмір бойына адал, бірақ сүймейтін өмірлік серігі болып қала берді.
- Огюст Роденді екі бірдей әйелдің өмірін ойрандаған адам деуге бола ма?
- Иә. Алайда бұл Роденнің қиын өмірінің бір жағы ғана. Ол біреудің қайғысынан рақаттанатын безбүйрек және оңбаған адам болған емес және жамандықты әдейі жасаған жоқ. Роденмен байланыс Камилланы шаршатып, есінен адастырып, түбіне жеткені сөзсіз. Алайда осы байланыс Клодельге шығармашылық қуат беріп, ұлы жұмыстарын жасауға шабыттандырды. Сол себепті олардың одағы ерекше ғашықтар оқиғасының бірі. Дәлірек айтқанда жай ғашықтар емес, ғашықтық пен өшпенділік, ғашықтық пен өлім аралас оқиға. Розаға келсек, оның маңдайына бұл үшбұрышта құштарлық пен азаптың ессіз иіріміне толы Роден өмірінің жазықсыз құрбаны болу жазылыпты.
- Роден Камилланы көре алмай ма?
- Роденнің оны көре алмағаны анық. Алайда бұл шығармашылық, кәсіби тұрғыда бой алған көре алмаушылық. Ұлы суретші Камилланың кемеңгерлік қарымы қаншалықты екенін ұғынбай қалған жоқ. Менің ойымша, Роденнің санасында, өмір бойы тер төгіп еңбектеніп, шеберлік шыңына ұзақ та азаппен жеткен мүсіншінің ойында, осы бір жас қызға «моцарттікіндей» ерекше қабілет берген тағдырдың әділетсіздігіне деген қынжылыс бар. Осы тұста, Моцарт пен Сальериді еске алған жөн болар. Алайда Роден, әрине, Сальери емес. Бұл жерде оны қашанда шығармашылық ой азабында жүретін автор - Бетховенмен салыстырған орынды шығар.
- Өмір қасіретін, барлық драманы актерлар үнемі дұрыс түсініп, толық жеткізе ала ма?
- Бұл олардың бірінші кезектегі кәсіби міндеті. Ерекше күрделі эмоциялық жағдай болады және өйтіп ойға шому әр орындаушының қолынан келе бермейтін шығар. Сондай-ақ әртістерге кез келген трагедияның тереңдігін жеткізу үшін қарапайым өмірлік тәжірибе жетіспей жатады. Соған қарамастан мен бишілерден физикалық және рухани-психологиялық тұрғыдан да толыққанды орындауды талап етемін.
- Неге Роденді таңдадыңыз? Балетті жазуға не себеп болды?
- Адамның сезім әлемін пластика арқылы жеткізуге бар қабілет-күшін жұмсаған, адам денесімен жұмыс жасаған суретші - Роден балетін жазу идеясы хореограф үшін заңды құбылыс, оның үстіне бұл ой өзінің жүзеге асатын сәтін күтіп, санамның түбінде жатқандай. Бұл тұста аталған спектакль туралы ойдың нақты қай кезде дүниеге келгенін дөп басып ешкім айта алмас. «Роден» балетін жазуға атақты мүсіншінің өмірбаянымен және оның музасы әрі оқушысы - Камилла Клодельмен қайғылы қарым-қатынасымен толығырақ танысуым түрткі болды. Қайғылы аяқталатын махаббат, ессіздік және шығармашылық одақ жайлы бұл сюжет менің жүрегіме үлкен әсер етті.
- Роден Сіздің дүниетанымыңызға қаншалықты жақын?
- Ол бәрінен де өнерге шексіз берілгендігімен, өзінің шығармашылық миссиясы үшін қолындағы барын құрбан етуге дайындығымен маған жақын. Мен кемеңгер мүсінші мен өзімді ешқашан қатар қоймаймын. Алайда, оған бір жылдан астам өмірімді арнағаннан кейін оны шынымен түсінетінімді және ол тұлғаны сезінетінімді жауапкершілікпен айта аламын.
- «Роден» балеттік спектаклі адамды түңілтеді деуге бола ма, кейіпкерлерінің бәрі бақытсыз ғой?
- Мен біздің балет те, Роден мен Клодель оқиғасы да қатты түңілтеді деп санамаймын. Қанша дегенмен олардың өмірінде шынайы махаббат та, орасан зор шығармашылық ерлік те болды. Өмірді қайғылы оқиғалар мен қақтығыстардың тізбегі ретінде ерекше қабылдау маған тән. Біреулер мұны жанға бататын керек емес артық әдіс деп санар. Алайда мен үшін бұл - адам жаны өмірінің құпиясын түсінудің кілті. Әрбірден соң спектакліміздің көрерменді эмоциялық күйзелістен тазартатын рухани тазаруға әкелетіні де көрсеткіш.
- Балеттің костюмі мен декорациясы қалай жасалды?
- «Роден» балетінің декорациясын Зиновий Марголин, костюмдерді Ольга Шаишмелашвили жасады. Бұл спектакль авторының шығармашылық ойының мәнін бірден меңгеріп, сол ойды одан әрі жарқын да терең ойлы кейіпке шейін дамытатын керемет театр суретшілері. Сценографиясымен жұмыс жасағанда басты мақсат роден дәуіріне ұқсау емес, автордың балет кейіпкеріне деген көзқарасын бейнелейтін жол іздеу болды. Марголин мен Шаишмелашвили ол мақсатқа қол жеткізді деп ойлаймын.
- Қазір немен жұмыс жасап жатырсыз?
- Мен екі бөліктен тұратын «Реквием» балетін дайындап жатырмын. Олардың бірі А. Ахматованың аттас поэмасының желісі бойынша қойылған, музыкасы Шостаковичтікі. Бұл шығармада ұлы сотталып кететін ақын әйелдің сұмдық оқиғасы бейнеленген. Спектакльдің екінші бөлігі Моцарттың музыкасына қойылған біздің ескі «Реквием» балетінің негізінде жазылды. Тұсаукесері 2014 жылдың 27 қаңтарында Петерборда - Ленинград қоршауының босатылғанына 70 жыл толу құрметіне қойылады. Спектакльге шақырылған ардагерлер мен қоршауда болғандар «Реквиемді» бірінші болып көреді. Біздің труппамен бірге тұсаукесерде Владимир Спиваков басқаратын «Мәскеу виртуоздары» оркестрі қатысады.
- Қазақстанға келуіңіз бірінші рет емес, елордамыз несімен есте қалды?
- Астанаға келгенімді ешқашан ұмытпаспын, 2012 жылдың қаңтары болатын, Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында «Анна Каренина» балетін қоятын кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақты өзі тапсырды. Мен бұл марапатты шынайы мақтан тұтамын. Екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына өз үлесімді қоса алатыныма қуаныштымын.
- Бұл жолғы сапарыңыздан қандай үміт күтесіз?
- «Роден» балеті қазақ көрерменінің жүрегіне жеткенін, сондай-ақ ол суретшілер өмірінің қаншалықты трагедиялы болатынына ой салғанын қалаймын. Сонымен қатар «Астана Опера» театрының сахнасында өтетін спектакльдің тұсаукесері Қазақстан мен Ресей халқының рухани жағынан жақындасуына септігін тигізеді деп үміттенемін.
- Қазақстан көрерменінің тұсаукесерге нендей көңіл-күймен келгені жөн?
- Спектаклімді қалай қабылдау керектігіне көрерменді алдын-ала дайындағым келмейді. Тек өтінерім, өзіңіз тамашалайтын өнерге жүрегіңізді толық ашуға тырысыңыз.
- Жаңа театрға айтар тілегіңіз.
- «Астана Опера» театрына сахналық өнердің нағыз әлемдік орталығына айналсын деп тілеймін. Ол үшін барлық мүмкіндік жасалған: керемет жабдықталған ғимарат, ұйымшыл ұжым, кәсіпқой басшылық. Өзіңізге және өз шығармашылығыңызға деген сенімді жоғалтпаңыз, ізденуден және тәжірибе жүргізуден қорықпаңыз, көрермен алдында шынайы болыңыз, сол кезде барлығы ойдағыдай болады.