Ролан Гаррос: Данилина жарыстың 1-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші ширек финалда сербиялық Александра Круничпен бірге «Үлкен дулыға» жарысының 1-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендке қарсы келді.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық дуэт 7:5 есебімен басымдылық танытты.
Екінші сетте Синякова – Таунсенд есе қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші партияда Данилина – Крунич 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры қазақстандық теннисші матчқа доп бергенде, нүкте қойды – 6:2.
Екі сағат 28 минутқа созылған тартысты матчта қазақстандық-сербиялық жұп 13 брейк-пойнттың жетеуін мүлт жібермеді. Синякова – Таунсенд 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Осылайша, сенсациялық жеңіске қол жеткізген Анна Данилина – Александра Крунич финалға шығу үшін норвегиялық Эйкери Норвегия – жапониялық Эри Ходзумимен таласады. Бұл жұп ширек финалда румыниялық Ирина Бегу – бельгиялық Янина Викмайерді тізе бүктірді – 6:4, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шевченконың Чехиядағы жарыста жергілікті теннисшіден басым түскенін жазған болатынбыз.