Роман Скляр жылыту маусымына қатысты бірқатар тапсырма берді
АСТАНА.KAZINFORM -Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылыту маусымына дайындық туралы жиын өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында 2025-2026 жылғы күзгі-қысқы кезеңдегі жылыту маусымының аяқталуы, осы жылға арналған жөндеу науқаны, сондай-ақ проблемалық мәселелерді жою туралы баяндамалар тыңдалды.
Жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың арқасында жылыту кезеңі өңірлерде тұрақты өтті, ірі технологиялық бұзылулар байқалмады. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді.
Өткен жылы электр стансаларында 10 энергоблокта, 63 қазандықта және 39 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр желілерінде 17 мың шақырым электр беру желілері, 420 қосалқы станса жөнделді. Сондай-ақ 323 шақырым жылу желілері қайта жаңартылып, ауыстырылды.
Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде электр стансаларында бекітілген кестеге сәйкес биыл 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда бір қазандық пен бір турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Энергетика министрлігіне және өңірлік басқармалардың басшыларына энергетика объектілерінің алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тұрақты бақылау және ағымдағы мәселелерді шешу үшін уақытылы шаралар қабылдау туралы тапсырма берді.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың үшінші жылу-электр орталығына барып, Президенттің жаңа қуат көздерін жаңғырту және іске қосу тапсырмасы аясында энергетикалық инфрақұрылымның дамуын тексерген еді.