Жылыту маусымы, көмірді балама отын ету – Бектенов Астананың энергетикалық инфрақұрылымын тексерді

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың үшінші жылу-электр орталығына барып, Президенттің жаңа қуат көздерін жаңғырту және іске қосу тапсырмасы аясында энергетикалық инфрақұрылымның дамуын тексерді.

ак
Фото: Үкімет

Премьер-министр табиғи газбен жұмыс істейтін ЖЭО-3-тің негізгі жабдықтарын қарап шықты. Биыл жобаның 1-ші кезегін толық аяқтап, 2-ші кезегін жүзеге асыру жоспарланған. Қазір жылу электр орталығы қаладағы энергия тапшылығын толығымен жабады және артып келе жатқан қажеттіліктерді ескеріп, артық қор жасайды.

ЖЭО-3 сағатына 440 Гкал жылу өндіреді, ол Ш. Айтматов көшесі, Ұлы Дала, Тұран даңғылдары бойындағы және тағы да басқа перспективалы құрылыс аудандарына беріледі.

– Биыл бұл нысанда көмірді резервтік жағдайға балама отын ретінде пайдалану мүмкіндігі бойынша жұмыстар аяқталады. Атап айтқанда, жанармай беру трактін қайта себу тораптарымен және ұсақтау корпусымен біріктіру, теміржол стансасын инженерлік инфрақұрылыммен қосу жоспарланған. Көктемде сыртқы және ішкі автомобиль жолдарын салу, аумақты абаттандыру және басқа да жұмыстар жалғасады. Жобаның 2-ші кезегінде жеке инвестицияларды тарту арқылы қуаты сағатына 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу көзделген, бұл Астананы сенімді электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымын өткізудің штаттық режимі туралы баяндады. Қаланы сенімді жылумен қамту үшін үш жылу электр орталығы және екі газ жылу стансасы — «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» жұмыс істейді. Қаланың қарқынды құрылысына байланысты туындайтын ықтимал қажеттіліктер ескеріліп, тағы бір «Тельман» газ жылу стансасы салынып жатыр. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, биыл Қазақстанда жылыту маусымы тұрақты өтуде. Жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстары 17 273 МВт генерацияға қол жеткізуге мүмкіндік берді, бұл алдыңғы жылыту маусымының деңгейінен 7%-ға жоғары. Ел бойынша 9 жылу орталығы апат қаупі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауыстырылған. Тағы 3 жылу орталығы «сарыдан» «жасыл» аймаққа өткен.

Электр стансаларында 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина жөнделді. 17 мың шақырым электр желілері мен 420 қосалқы стансаларды реконструкциялау аяқталды, 323 шақырым жылу желілері және тағы басқалары ауыстырылды. Үш жыл ішінде энергетика секторына 1 трлн теңгеден астам қаржы салынды. Электр қуатының тапшылығы 29%-ға төмендеді.

Биыл 2,6 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Жалпы 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру 39 млрд киловатт-сағатқа ұлғаятын болады. Осы шаралардың барлығы елдің энергетикалық жүйесін тұрақты ете түседі.

Премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктер мен әкімдікке ЖЭО-3 жобасын аяқтау жұмыстарын жеделдетуді және елімізде жылыту маусымының тұрақты өтуін толық бақылауда ұстауды тапсырды.

Нысанды аралау барысында ЖЭО-3-тің еңбек ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдап сөз сөйлеген.

– Электр энергетика саласында жұмыс істейтін және басқарушылық білімі бар адам ретінде мен ешбір күрделі жүйе нақты ережелерсіз, тәртіпсіз және бөлінген жауапкершіліксіз жұмыс істей алмайтынын жақсы түсінемін. Энергетикада бұл қуат пен жүктеменің тепе-теңдігі, мемлекетте – өкілеттіктер мен институттардың тепе-теңдігі. Конституция осы жүйенің архитектурасын белгілейді. Ұсынылған өзгерістер мемлекеттің одан әрі дамуы үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады. Мен Конституцияның жаңа редакциясын елдің тұрақты және әділ дамуының негізі ретінде қолдаймын, — деді «Астана-Энергия» АҚ ЖЭО-3 бас инженері Назымбек Қасенов.

Премьер-министр осы жылдың 15 наурызында өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуының маңызды екенін атап өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, қазір еліміз өте маңызды саяси кезеңді бастан өткеруде. Жаңа Конституция – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті, Қуатты Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларының айқын көрінісі. Ата Заңның ең басты арқауы – адам, яғни азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығы. Жаңа Конституцияда «Егемендіктің иесі – Қазақстан халқы» деп тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, адами капиталды дамытуға, еңбек адамына деген мемлекеттің көзқарасы түбегейлі өзгереді. Референдумға белсенді қатысуымыз, азаматтық жауапкершілік танытуымыз және мемлекет пен қоғамның мүдделерін басшылыққа ала отырып, саналы таңдау жасауымыз маңызды, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда Үкіметке көмір өндірісін дамытудың ұлттық жобасын бекітуді тапсырды.

10 ақпанда Үкімет Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуге кірісті.

Соңғы жаңалықтар
Референдум