17:49, 29 Мамыр 2013 | GMT +5
Ростовтық суретші қолтырауынның қолына Құран парағын байқамай ұстатып жіберіпті
АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Ростовтық суретші Елена Демиденко «Мойдодыр» деп аталатын балғындарға арналған кітапты безендіру кезінде осындай ағаттыққа жол берген. Алайда, ол мұны әдейі істемегенін айтып ақталуда.

Оның айтуынша, алғашқыда суретте әдеттегі газет бейнеленген екен. Алайда, тапсырыс берушіге оның түсі ұнамаған көрінеді. Суретші ғаламтордан қандай материал екеніне үңіліп жатпай әлдебір суретті алып, қолтырауынның қолына «ұстата» салған. Кейін белгілі болғандай, суретте 15-ші сүре бейнеленген. Бұл жайында Donnews хабар таратты.
muslim.kz сайтының жазуынша, «Книга» баспасы осынау ағаттықты түзетуге уәде берді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Ресейдегі Ростов-на-Дону қаласының бір баспасынан осы ертегі суретті кітап боп басылып шығыпты. Сөйтсе, ертегі кітапшасындағы тазалыққа шақыратын қолтырауынның қолына суретші Құран Кәрімнің бір парағын қыстыртып қойыпты.