Рубио АҚШ қытайлық студенттердің визасын қайтарып алатынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ қытайлық студенттердің, оның ішінде Қытай коммунистік партиясына мүше немесе маңызды салаларда оқитын студенттердің визаларын «агрессивті түрде» қайтарып алатынын айтты, деп хабарлайды NBC News.

Рубио заявил, что США будут отзывать визы китайских студентов
Фото: freepik

Рубио Қытай Халық Республикасы мен Гонконгтан келетін болашақ визалық өтінімдерді «қадағалау» үшін виза критерийлері қарастырылатынын айтты.

— Президент Трамптың басшылығымен Мемлекеттік департамент Қытай студенттерінің визаларын белсенді түрде қайтарып алу үшін Ішкі қауіпсіздік департаментімен жұмыс істейді, — деді Марко Рубио.

Рубио «сыни маңызды салаларға» нақты не кіретінін нақтыламады, бірақ АҚШ пен Қытай бір-бірінің биотехнология, кванттық есептеулер және жасанды интеллект сияқты стратегиялық салалардағы ғылыми жетістіктеріне алаңдайтынын айтты.

Қытай АҚШ-тың «идеология мен ұлттық қауіпсіздікті сылтауратып» қытайлық студенттердің визасын «негізсіз» алып жатқанын айтты.

— Бұл саяси кемсітушілік Американың көптен бері жариялаған еркіндік пен ашықтық құндылықтарының екіжүзділігін әшкерелейді және Америка Құрама Штаттарының халықаралық беделі мен сеніміне одан әрі нұқсан келтіреді, — деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин.

Қытай АҚШ-тағы халықаралық студенттердің саны жағынан Үндістаннан кейінгі екінші орында. 2023-2024 оқу жылында АҚШ-та шамамен 277 000 қытайлық студент білім алды. Ал Қытайда өткен жылы 800-ге жуық америкалық білім алған, 2014 жылы 15 000-ға жеткен.

Вашингтондағы Халықаралық педагогтер қауымдастығының мәліметі бойынша, АҚШ колледждері мен университеттерінде оқитын халықаралық студенттер АҚШ экономикасына 43,8 миллиард доллар үлес қосып, 2023-24 оқу жылында 378 000-нан астам жұмыс орнын қамтамасыз етті.

Бұған дейін Марко Рубио өз ведомствосын қайта жасақтайтынын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар