Рудныйдың жылу жүйелері жекешелендіруге берілмеуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Рудный жылу желілері» ЖШС-ін жекешелендіруге беру әлі ерте екенін мәлімдеді.

жылу желілері
Фото: Валерий Бугаев

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер облыс әкімінен бұл кәсіпорын неліктен бәсекелес ортаға берілетін активтер тізіміне енгізілгенін сұрады.

Өз кезегінде Қ. Ақсақалов Ұлттық экономика министрлігінде нысандарды жекешелендіру жоспары бар екенін, оның арасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторындағы активтер қамтылғанын еске салды.

— Рудный қаласындағы жылу желілеріне арналған бұл жоспарды 2030 жылға дейін жүзеге асыру ескерілген. Әрине, осы бағытта қомақты инвестиция салдық, оларды жаңғырттық. Бұрын олар жекеменшікте болған. Қазір осы нысан жекешелендіру жоспарына енгізілген. Атап айтқанда, жекешелендірудің бұл кезеңін жүзеге асыру әлі ерте деп санаймын, өйткені оларды жаңғыртып, қомақты қаражат салдық, — деді облыс әкімі.

Оның пайымынша, жекешелендіру мәселесі 2030 жылға қарай толығымен қайта қаралуы ықтимал.

— Мемлекет жылу желілерін жаңғыртуға көп қаражат жұмсағанын ескере отырып, олар нысанды тізімнен алып тастауы да мүмкін. Сондықтан министрлік бұл бағытта ұтымды шешімді қабылдайды. Осы тақырып бойынша өз пікірімді жазып, бұл нысанды жекешелендіру әлі ерте екенін айттым, — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Еске салсақ, биыл күзде Рудныйдың жылу жүйелері жекеменшікке берілуі мүмкін екені мәлім болды

Соңғы жаңалықтар