Румыния Қазақстан үшін Еуропаға қақпа бола алады - Михай Тудосе

ҚР-ның Румыниядағы Елшісі Дәулет Батырашевтың Румынияның экономика, сауда және туризм министрі Михай Тудосемен кездесуі аясында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму әлеуеті, сондай-ақ екіжақты диалогты тереңдету жөніндегі келешек қадамдары мен оны әртараптандыру жолдары талқыланды.
Қазақстанның «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын орындау шеңберінде, басым бағыттар қатарында өнеркәсіп, мұнай-газ жабдықтары және көліктік-транзит салалары белгіленді. Екі елде де дамуына үлкен мән берілетін туристік өнеркәсіп бағыты бойынша да ықпалдастықтың зор мүмкіндіктері бар.
Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда айналымын ұлғайту қажеттігі атап өтілді. Бұл тұрғыда, сұхбаттасушылар екі елдің іскерлік топтары арасындағы байланыстарды, соның ішінде сауда-өнеркәсіп палаталарының желісі бойынша ұлғайту мен нығайтуға мүдделілік танытты. Осы орайда, үстіміздегі жылғы мамырда Бухаресте кезекті отырысының өткізілуі жоспарланған Сауда-экономикалық пен ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-румын үкіметаралық комиссиясының рөлі атап өтілді. Сонымен қатар, іскерлік байланыстарды жандандыруға қосымша серпін беретін екіжақты бизнес-форумдарды өткізу қажеттігіне назар аударылды.
Румынияның экономика министрі өзара тиімді мен ұзақ мерзімді негізде Қазақстанмен кең ауқымды ынтымақтастыққа ынталылығын қуаттай отырып, елдеріміз арасында стратегиялық әріптестік құрудың елеулі әлеуетін атап өтті.
М. Тудосе Румынияның географиялық орнын, ірі кеме жүретін өзендер мен теңіз порттарының және де тиісті көліктік күрежолдары дамығанын атап өте отырып, осы әлеует қазақстандық тауарлардың транзитіне зор мүмкіндік беретіндігін айтты, Румыния «Қазақстанның Еуропаға барар қақпасы» бола алатындығын атап өтті.
Д. Батырашев, өз кезегінде, «Қазақстан-2050» Стратегиясына және «Нұрлы Жол» Қазақстанның Жаңа экономикалық саясатына сәйкес еліміздің индустриалды-инновациялық даму басымдықтарымен таныстырды.
Қазақстан Елшісі еліміз кешендік жаңғырту бағдарламаларын іске асыра отырып, әлемнің алдыңғы қатарлы тәжірибесі мен инновациялық технологияларын Қазақстанға тартуға үлкен мән беріп, өзара тиімді ынтымақтастыққа қолайлы жағдай жасайтындығын айрықша айтып өтті.