Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Румыния Қазақстанмен көлік саласындағы ынтымақтастық орнатуға мүдделі

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Румынияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Эмиль Рапчамен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Румыния Қазақстанмен көлік саласындағы ынтымақтастық орнатуға мүдделі

Қазақстан Республикасы көлік ведомствосының басшысы Ә.Құсайынов Румыния Елшісін еліміздің көлік және коммуникация саласының қызметі жайында кеңінен хабардар етті. Оның ішінде министр халықаралық транзиттік «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль магистралі құрылысының аяқталуына байланысты Қытай мен Еуропа арасында Ресей арқылы автокөлікпен жүк тасымалдаудың төтелігі мен жеделдігіне кең мүмкіндік ашылатындығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанда машина жасау саласының қарқынды дамып жатқандығы, оның ішінде электровоздар, локомотивтер, жүк және жолаушы вагондары шығарыла бастағаны айтылды. Министр Елшіден Қазақстан Республикасының авиациялық қауіпсіздік мамандарының Румыния авиаорталықтарында тәжірибеден өту мүмкіндігін қарастыруды өтінді. Кездесуді қорытындылай келе, министр Румынияның көлік саласының қызметкерлерін үстіміздегі жылы қыркүйек айында Астанада өтетін «ТрансЕурАзия-2011» VII Халықаралық конференциясына қатысуға шақыратындығын жеткізуді өтінді.

Өз кезегінде Румынияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Эмиль Рапча Румынияның көлік саласында, оның ішінде теміржол, теңіз көлігі саласында, автомобиль жолдарын салу жөніндегі мүмкіндіктерін жеткізді. Румынияның Қазақстанның автотасымалдаушыларына тахографтар жеткізу мүмкіндіктері бар. Жалпы Румыния екі ел арасында көлік және коммуникация саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Кездесу соңында Елші Қазақстан Республикасының көлік саласының қызметкерлерін көлік саласы бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттеу мақсатымен Румынияға келіп қайтуға шақырды.

Тараптар мәселені нақтылау үшін көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ұсыныстармен алмасып отыруға келісті.