Руслан Жақсылықовты қамауға алды деп хабарлағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Қорғаныс министрі болған Руслан Жақсылықовтың қамауға алыну туралы ақпаратқа байланысты мәлімет берді.

— Сұраухатта көрсетілген адамның қамауға алынғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Астана қаласының Полиция департаменті Қылмыстық кодектің 274-бабы 2-бөлігі бойынша (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, — деп жазылған ресми жауапта.
Бірақ министрлік қылмыстық іс нақты кімдердің үстінен қозғалғанын айтудан бас тартып отыр. Ал Р. Жақсылықовтың қамауға алынғанын анонимді телеграм-арналар таратып, кейін оны кейбір ақпарат порталдары көшіріп басқан болатын.
— ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуі тиіс. Тергеу жүргізіліп жатыр. Анық-қанығы тергеу барысында анықталады. Басқа мәлімет бере алмаймыз, — деді ішкі істер министрлігіндегілер.
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев те бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны жөнінде тараған мәліметке қатысты пікір білдірген болатын.