Рустам Минниханов Татарстан басшысы сайлауында жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Татарстанның (РФ) қазіргі басшысы Рустам Минниханов республика басшысы сайлауында 88,09% дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұған РФ Орталық сайлау комиссиясының хаттамаларды 100% өңдегеннен кейінгі мәліметтері дәлел, деп хабарлайды РИА Новости.

Рустам Минниханов Татарстан басшысы сайлауында жеңіске жетті
Фото: Риа Новости

Сайлау науқанына төрт кандидат қатысты. Аймақ басшысы лауазымына «Біртұтас Ресей» («Единая Россия») партиясы ұсынған Миннихановтан басқа, Татарстан мемлекеттік кеңесінің депутаты Хафиз Миргалимов (РФКП), «Әлеуметтік әділеттілік үшін Ресей зейнеткерлері партиясынан» Виталий Смирнов және №3 «Байлық» серіктестігі директорының орынбасары Руслан Юсупов (РЛДП) бәсекеге түсті.

68 жастағы Рустам Минниханов Татарстанды 2010 жылдан бері басқарып келеді. Ол бұған дейін бұл қызметке екі рет – 2015 және 2020 жылдары қайта сайланған. 2005-2010 жылдар аралығында ол республиканың премьер-министрі қызметін атқарған.

2023 жылдың қаңтарында Минниханов Татарстан Конституциясына өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды, оған сәйкес аймақ басшысы лауазымы «басшы» немесе «раис» деген ресми атау алды.

Еске сала кетейік, Татарстанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті.

Соңғы жаңалықтар