Ryanair ұшағында иллюминатор сынып, жолаушы сыртқа ұшып кете жаздады
АСТАНА. KAZINFORM — Грекиядан Германияға бағыт алған Ryanair әуе компаниясының ұшағында ұшу кезінде иллюминатор сынып, терезе жанында отырған жолаушыны сыртқа қарай тартып әкете жаздады, деп хабарлайды DW.
Бұл туралы 10 шілде, жұма күні оқиға куәгерлері Грекияның Radio Thessaloniki радиостанциясына және Германияның dpa агенттігіне хабарлаған.
Олардың айтуынша, 61 жастағы Сербия азаматының басы мен иығы сынған иллюминатор арқылы ұшақтың сыртына шығып кеткен. Оны салонда ұстап қалу үшін бірнеше жолаушы бар күшін салған.
Салоникиден Германияның оңтүстігіндегі Мемминген қаласына бағыт алған ұшақта оттегі маскалары автоматты түрде түсіп қалған. Осыдан кейін ұшқыш рейсті тоқтатып, ұшақты кері Салоники әуежайына қондырған.
Зардап шеккен жолаушы жедел жәрдеммен Салоники қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Ол ауыр жарақат алған жоқ. Ал қалған жолаушылар Германияға резервтік ұшақпен жеткізілді.
Бұған дейін Италия Ryanair компаниясына 1 млрд еуроға дейін айыппұл салуы мүмкін екенін жаздық.