С.Ахметов ТМД мүше-мемлекеттердің Үкімет басшыларының Кеңесіне қатысты

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Минскіде ТМД мүше-мемлекеттер Үкімет басшылары Кеңесінің отырысы болды.
None
None

Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтынан хабарланды.

Оңаша және кеңейтілген форматта өткен келіссөздер барысында Қазақстан, Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украинаның үкіметтік делегацияларының басшылары маңызды интеграциялық ынтымақтастық мәселелерін қарады.

Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпжақты байланыстарды кеңейту мен тереңдетудің негізгі бағыттарын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.

Бұнымен қатар, саммитке қатысушылар ТМД мүше-мемлекеттердің инновациялық ынтымақтастығы Мемлекетаралық бағдарламаларының 2012 жылғы орындалуы барысы туралы, 2009-2012 жылдарға арналған атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша Комиссиялардың жұмысы туралы есептерді тыңдап, сондай-ақ ТМД мүше-мемлекеттер теміржол көліктеріндегі лаңкестікке қарсы жұмыстар Тұжырымдамасын қабылдады.

Келіссөздер соңында Үкімет басшылары ынтымақтастық туралы бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда, ТМД мүше-мемлекеттердің шекаралас аумақтарындағы табиғи өрттерді сөндіру мен алдын алу, қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ресми статистика сферасындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ жоғарғы және жоғарғы кәсіптік білім туралы құжаттарды өзара мойындау туралы Келісімдер жасалды.

Бұнымен қатар, ЕурАзАҚ Мемлекетаралық Кеңесі аясында өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру тәртібі туралы, білім, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттардың эквиваленттілігі мен оларды өзара мойындау туралы, бюджеттік процестер бойынша ЕурАзЭҚ-қа мүше-елдер арасындағы ақпарат алмасулар туралы Келісімдерге қол қойылды.

ТМД мүше-мемлекеттер Үкіметтері басшылары Кеңесінің келесі отырысы 2013 жылы қараша айында Мәскеу қаласында болады.

Соңғы жаңалықтар