С.Қайырбекова ИЫҰ денсаулық сақтау саласындағы Атқарушы Комитетінің 5-ші отырысына төрағалық ететін болды

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат -  «2012 жылғы 31 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Жидда қаласында (Сауд Арабиясы) Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) денсаулық сақтау саласындағы Атқарушы Комитетінің 5-ші отырысын өткізу жоспарланып отыр»,

С.Қайырбекова ИЫҰ денсаулық сақтау саласындағы Атқарушы Комитетінің 5-ші отырысына төрағалық ететін болды

 деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

 Отырысқа Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова төрағалық етеді. Денсаулық сақтау саласындағы Атқарушы Комитет 2007 жылғы 12-15 маусымда Куала-Лумпур қаласында өткен Денсаулық сақтау министрлерінің Бірінші Ислам Конференциясының қорытындысы бойынша қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау үшін құрылған болатын. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрінің беделді халықаралық ұйымның денсаулық сақтау саласындағы Атқарушы Комитетінде төрағалық етуі елімізге ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 1,5 миллиардтан астам халқының денсаулығына қатысты ерекше жауапкершілік жүктейді.

 Денсаулық сақтау министрлерінің Үшінші Ислам Конференциясы Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалық ету аясында Астана қаласында 2011 жылдың 29 қыркүйегі мен 1 қазан аралығында өтті. Конференция 2011 жылдың елеулі және өзекті халықаралық іс-шараларының бірі болды.

Денсаулық сақтау министрлерінің Үшінші Ислам Конференциясының шешіміне сәйкес, 2011-2013 жылдарға Атқарушы Комитеттің құрамына Қазақстан, Иран Ислам Республикасы, Индонезия, Сауд Арабиясы Корольдігі, Сенегал, Тәжікстан, Джибути, сондай-ақ ИЫҰ Бас хатшылығы, ИЫҰ институттары, Ислам мемлекеттері үшін статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер және оқу орталығы (СЕСРИК), Ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша тұрақты комитеті (КОМСТЕК), Білім, ғылым, және мәдениет мәселелері бойынша Ислам ұйымы (ИСЕСКО), Ислам Даму Банкі (ИДБ) кірді. Халықаралық ұйымдардан - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ, ЖИТС-пен, туберкулезбен, безгекпен күрес жөніндегі Ғаламдық қор кіреді.

 Денсаулық сақтау саласының мәселелері халықаралық маңызы бар, сондықтан оларды тек бірлесіп қана шешуге болады. Осыған байланысты конференцияда «ИЫҰ денсаулық сақтау саласындағы іс-әрекеттерінің 2012-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспары» жобасы қаралған болатын. Жоғары дәрежелі мәжілістің негізгі қорытынды құжаты Астана декларациясының қабылдануы болды.

 Жидда қаласындағы отырыс барысында Денсаулық сақтау министрлерінің Үшінші Ислам Конференциясында қабылданған Астана декларациясы мен қарарлардың жүзеге асырылуы бойынша пікір алмасу, жоспар жобасын, сондай-ақ аталған іс-шара барысында қол жеткізілген келісімдерді талқылау және дайындау көзделіп отыр.

Отырыстың қорытындысы бойынша ИЫҰ денсаулық сақтау саласындағы Атқарушы Комитетке мүше мемлекеттердің  шешімін іске асыру жөніндегі есебі қабылданады.