САБАТАЕВ САТЫЛҒАН
sp;Сабатаев Сатылған (1874-1921) - Алаш қозғалысының қайраткері, шығыстанушы, Алашорда үкіметінің және Алашорданың Жетісу облыстық комитетінің мүшесі. Алғашқы жоғары білімді қазақ агрономы. Абай және Міржақып өлеңдерін алғаш орыс тіліне аударушы.
Бұрынғы Верный уезі Үлкен Алматы болысының №7 ауылында дүниеге келген. Верный ерлер гимназиясын, Мәскеудегі Лазаревтің Шығыс тілдері институтын, Мәскеу ауыл шаруашылық институтын бітірген.
1899-1906 жылдары Пішпек, Жаркент уездік басқармаларының аудармашысы, Жетісу облыстық қоныс аудару мекемесінің қызметкері, 1906-1908 жылдары Жетісу облыстық егіншілік және жерге орналастыру бас басқармасының қызметкері болған. 1915 жылы Мәскеу ауыл шаруашылық институтын бітіріп, қазақтардың арасынан тұңғыш ғалым-агроном атанған. 1916-1917 жылдар аралығында Лепсі уезінің ауыл шаруашылық мекемесінде жұмыс істеген.
Патша үкіметі құлағаннан кейін С.Сабатаев қоғамдық-саяси жұмыстарға, әсіресе, Алаш қозғалысына белсене араласқан. 1917 жылы 5-12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланады. 1918 жылы қаңтарда Верный қаласындағы Жетісу облысының қазақтарының 2-съезіне қатысып, автономия, милиция құру жұмыстарымен тығыз айналысқан.
Верныйдағы алаш зиялыларының бұл әрекетінен және ақ гвардияшылар мен казак-орыстардың іс-қимылдарынан қауіптенген большевиктер қалада әр түрлі жиын, бүліншілік ұйымдастырады. Ақыры 1918 жылы 9 наурызда олар О.Әлжанов, Ы.Жайнақов және С.Сабатаев сияқты алаш басшыларын тұтқындайды. 17 сәуірде түрмеден босатылып, Семейде земство, Алаш жұмыстарын атқарған. 1918 жылы 10-31 тамызда Алашорданың Лепсі уезінде өткен Жетісу облыстық съезінде облыстық комитеттің мүшесі болып сайланған. Осы жерде ол 1-Алаш әскери полкін жасақтауға белсене қатысады. 1918 жылы 1 қарашада Алашорда кеңесі Сібір үкіметінен С.Сабатаевтың ауыл шаруашылықтың бас маманы болуына рұқсат алған.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін ол Қарқаралы өңірінде өз мамандығы бойынша қызметтер атқарған. 1921 жылы көктемде Ботақара деген жерден тұқым алып келуге бара жатқан С.Сабатаевты ақтардың соңына түскен қызыл әскерлер жазықсыз атып кетеді.
С.Сабатаев Лазарев институтында оқып жүргенде Мәскеу университеті жанындағы Жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойларының императорлық қоғамының мәжілістеріне қатысып, «Қазақтардың сот ісін жүргізуі», «Торғай облысы Қостанай уезі қазақтарының ақсақалдар мен араағайындық соты» деген тақырыптарда ғылыми баяндамалар жасаған.
С.Сабатаев көрнекті шығыстанушы ғалым А.Веселовскийдің құрметіне шығарылған «Әл-Шарқият» (Мәскеу,1914) жинағына Абай Құнанбаевтің «Жаз», Міржақып Дулатовтың «Мұң» атты өлеңдерін қара сөзбен орыс тіліне аударып, енгізген.
Дерек көзі:
"Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы 7 том.