Сағадиев оқушылар төбелесіне қатысты ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізеді

«Соңғы уақытта еліміздің бірқатар аймақтарында білім беру ұйымдарының қабырғаларында да, одан тыс жерлерде де оқушылар арасында топтық төбелес, ұрып-соғу және қорлау жағдайлары жиілеп кетті. Өкінішке орай, осындай жағдайлардың салдарынан Ақтөбе облысында бала қаза болды. Өңірлер бойынша 2017 жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың саны Атырау облысында 39,6%-ға, Алматы қаласында 33,5%-ға, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында 18%-ға, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 11%-ға, Түркістан облысында 7,8%-ға өскені байқалады», - делінген хабарламада.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша 2018 жылы жасөспірімдердің қатысуымен құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасау фактілері туралы Құқық қорғау органдарынан жасырғаны немесе дер кезінде хабарламағаны үшін білім беру ұйымдарының 170-тен астам қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
БҒМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кейбір мектеп әкімшіліктері оқушылар арасындағы жағдайды басқара алмайды немесе жалған игіліктерді сақтау мақсатында оларды қасақана жасырып отырады.
«Қалыптасқан жағдай балалар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.
Осыған байланысты 2019 жылғы 31 қаңтарда сағат 15.00-де ҚР Білім және ғылым министрі Е.Қ.Сағадиевтің төрағалығымен өңірлерді қосу арқылы бейнеконференцбайланыс режимінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысын өткізу жоспарлануда», - делінген баспасөз хабарламасында.
ВАК отырысының жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.
ВАК отырысының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін күшейтуге бағытталған ұсыныстар әзірленетін болады.