Сәкен Әтел Стратегиялық дамыту департаменті директоры болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Сәкен Әтел Су ресурстары және ирригация министрлігі Стратегиялық дамыту департаменті директоры болып тағайындалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Сәкен Әтел 1994 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2015 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Гидрология» мамандығы бойынша, ал 2019 жылы М. Нәрікбаев атындағы университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Есіл бассейндік инспекциясына қарасты Ақмола аумақтық кешенді су ресурстарын пайдалану бөлімінде бас маман міндетін атқарушы ретінде бастап, кейін осы бөлімнің бас маманы қызметін атқарған.
2017-2019 жылдары су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау бөлімінің бас маманы.
2019-2020 жылдары су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясының су ресурстарын мониторингілеу, мемлекеттік есепке алу және кадастр бөлімінің басшысы.
2020-2022 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы болды.
2022-2023 жылдары Су ресурстары комитетінің су ресурстарын есепке алу басқармасының басшысы, кейін су ресурстарын пайдалануды реттеу және есепке алу басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
2023-2024 жылдары алдымен Су шаруашылығы комитетінің, кейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы болды.
2024-2025 жылдары Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2025 жылғы қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Стратегиялық дамыту департаменті директорының орынбасары қызметін атқарып келді.
2025 жылы су саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Еске салайық, бұған дейін Мирас Төлебаев Туризм және спорт вице-министрі болып тағайындалғанын хабарлағанбыз.