Сал-серілердің ізімен: СҚО-да дәстүрлі әнші ауыл аралап, тегін концерт беріп жүр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында дәстүрлі әнші Біржан Есжан жаз басталғалы он ауылды аралап, тегін концерт беріп үлгерді. Ол мұны мемлекеттік тапсырыспен де, грантпен де емес, өз қаражатына жүзеге асырып жүр.
ХІХ ғасырдағы сал-серілердің дәстүрін бүгін қайта жаңғыртқан Біржан Есжан Ақан сері атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі. «Ән салдырған ауылым» жобасы аясында өнерпаз ауыл тұрғындарын әнмен қауыштырып қана қоймай, ұмытылып бара жатқан ұлттық мұраны жаңғыртуды мақсат еткен.
— Біржан мырза, ауылдарды аралап концерт беру идеясы қалай пайда болды? Бұл бастамаға не түрткі болды? Мақсат не?
— Идея көп. Бастапқыда Петропавлда ұлттық өнердің орталығын ашқымыз келген. Бұл соның бастамасы іспеттес. Бұрын 19-ғасырда сал-серілер ауыл-ауылды аралапты, бір ауылға барып, екіншісінде түстеніп, үшіншісінде қонды деген әңгімелерді жиі естіп өстік қой. Тарихымыз, әдебиетіміз, мәдениетіміз қызықтырғаннан кейін осындай ойлар маза бермейтін, біз де ауылдарды араласақ деген. Біз Ақан сері атындағы филармонияда жұмыс істейміз, мемлекеттік жұмыс орны болғандықтан кейде шалғайдағы ауылдарға жете алмай жатамыз. Аудан орталығының түкпірінде жатқан шағын ауылға ешкім бара бермейді. Сондықтан 15-20 көрермен отырса да концерт береміз деген ниет туды. Қасыма өзім сияқты өнерпаз 2-3 жігітті алып, бастап кеттік.
Ұлттық өнердің ордасы, орталық бола ма, театр ма — концепциясы дайын, ол туралы жергілікті билікке айттым, әзірге қолдау таппай тұр. Идеологиялық тұрғыдан да солтүстікке ауадай қажет дүние ғой, әрі қаншама сал-серілерді — Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Мәселен Қызылордада жыраулар үйі деген бар. Өйткені, Сыр елі — жыр елі, сонымен ерекшеленеді. Алматыда Алатау дәстүрлі өнер театры бар. Жалпы, менің ойымша, орталықтың міндеті — бүкіл мектеп оқушыларын, жастарды қамту, соларға ұлттық өнер арқылы ұлттық сананы енгізу, қазақыландыру болады.
Сол себепті өзіміз әрекетке көшіп жатырмыз. Ауылдарды аралаймыз, Әрі бұл сапарадағы мақсат, бұған дейін нотаға түспеген, ұмыт қалып бара жатқан ән-күйлерді анықтау, зерттеу. Көнекөз қариялар азайып барады ғой, осылай ауылдарға шыққанда ескілікті әндер, терме-қисса айтатындар, күй шертетіндер табылып қалады кейде. Қазірдің өзінде ешкім естімеген, Алтын қорда жоқ 20-дан астам әндерді тауып қойдым. Қазір оны нотаға түсіріп, аннотациясын жазып жатырмын.
Тағы бір мәселе, ауылдар күннен күнге құрып барады. Бұрынғы тұрғындары Астанада, басқа да қалаларда жалданып жұмыс істеп жүр. Бірақ ауылда да сол жұмыс табылады, өзінің малын бақса да. Мен соларға үндеу тастап, осы сапар арқылы ауылдарын естеріне салып жатырмыз. Телефоныма қаншама хабарлама түсті, «ауылымды еске түсірдің, міндетті түрде ауылға барамын, осы жазда барамын» деп жекеге шығып жатқандар өте көп.
— Жаз басталғалы он шақты ауылға барыпсыздар. Қай ауылдағы кездесу немесе көрерменнің ықыласы ерекше есте қалды?
— Ешқайсын бөліп-жарып айтпаймын, барлығы ыстық ықыласпен қарсы алады. Тегін концерт, әзілдеп айтып қоямын, маған керегі сіздерден екі қап отын ғана деп. Себебі біздің формат ерекше. Кей ауылдарда жарқырап тұрған мәдениет үйлері бар екен. Бірақ біз концертті ашық аспан астында, от жағып, кеш батқанда өткіземіз. Ештеңе ойлап тапқанымыз жоқ, бұрын ата-бабаларымыз от жағып қойып, ән, қисса-жыр айтып, күй тартқан, қазақтың әдебиетін, тарихын қозғап, жастарды солай тәрбиелеген. Бұл ерекше әсер қалдырады, халыққа ұнап жатыр. Сондай-ақ бүкіл әнді жанды дауыста орындаймыз. Басында кейбірі сынап келсе, кеш соңында көңілдері тасып, алғыстарын білдіріп жатады.
— Ауыл тұрғындарының мәдени іс-шараларға деген сұранысы қандай екен? Олар көбіне қандай әндерді, қандай өнерді күтеді?
— Концерт бағдарламасын алдын ала ұсынамыз. Онда дәстүрлі әндер деп жазылған. Репертуарымызда 19-ғасырдағы қазақтың сал-серілерінің әндері, одан кейін 20-ғасырдағы есті әндер бар, мысалы, «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Қарағым-ай», «Махаббат деген қандайды», Шәмшінің әндері, Ескендір Хасанғалиевтің әндері бар. Сыбызғымен, синтезатормен сүйемелдейміз. Халық 70-80-жылдардағы әндерді естіп, өздері де қосылып кетеді. Жастық шақтарын еске алып, жылап отырған әже-апаларымызды да көрдік. Біздің миссия да осы ғой, жүректеріне жеткізу, жақсы ән айтып, оны жақсы орындап бергенде көңілі босайды, қуанады, бір жасап қалады.
— Концерт неше сағатқа созылады? Репертуарда қандай әндер бар? Сұрап айтқызатын әндер бар ма?
— Ақан серінің «Балқадишасын», Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанын» сұрайды. Исаның «Желдірмесін» айтып берші дегендер болды. Халық ішінде сал-серілердің шығармаларымен жақсы таныс көрермен өте көп.
Жалпы концерт 1,5 сағатқа шақталған. Кейбір ауылдарда жақсы көңіл-күймен тыңдап отырса қосымша әндер де айтамыз. Сосын бұл концерттің арнайы бір сценарийі жоқ. Репертуарымда 400-ге жуық ән бар, ол — сал-серілердің, халық әндері. Жиналған қауымның көңіл-күйіне қарап, жас ерекшелігіне қарап айтамыз.
— Концерт барысында тек ән айтып қана қоймай, тұрғындармен сөйлесесіздер. Ауыл адамдарының бүгінгі көңіл күйінен нені байқадыңыз?
— Алаңдаушылық бар. Үлкендер кеткесін ауыл жабылады, құриды деген сияқты. Сол себепті әлеуметтік желінің мүмкіндігін де барынша пайдаланып жатырмын. Әр сапардан бейнероликтер түсіріп, ауылға шақырып жатырмын. Қалада дипломымен жұмыс істеп жатса жарайды, бірақ кез келген жұмысқа жалданып жүргендер де жетерлік қой.
— Бұл жоба ешқандай қаржыландырылмайды екен. Барлық шығынды өздеріңіз көтеріп жүргенде қиындықтар туындамай ма?
— Бастамай тұрып, бір-екі жерге айттым, бірақ қолдау болмады. Ұлттық дүние ешкімге керегі жоқ екенін де түсінемін, билік басындағылардың. Жоғарыдан пәрмен келгенде ғана қозғалатынын көріп жүрміз. Бейжай қарап отырғандар өте көп.
Филармониядағы айлығым түскен кезде көлігіме бензин құйып алып жолға шығамын. Ешкімнен ештеңе сұрап жатқаным жоқ. Тек Мамлют ауданы Бексейіт, Бостандық ауылдарына барған кезде «AMANAT» партиясы облыстық филиалының басшысы қолдап жіберді.
— Қазіргі таңда ауыл мен қала мәдениетінің арасында айырмашылық бар ма? Ауыл көрерменінің ерекшелігі неде?
— Жоқ, екеуі де шынайы, мен үшін. Ауыл адамдарының көкжиегі кең, көп нәрсені түсінеді. Қала адамдарының түсінігі басқа, соған қарамастан шынайы, талай көрдім, тіпті орыс халқы да қатты қол соғады. Өнерде шекара жоқ. Әрі жанды дауыста орындаған сәтте көздерінен көрініп қалады, шын қуану, таңғалу, қошемет.
— Сапар барысында талантты жастарды кездестірдіңіз бе? Ауылдарда өнерлі жастар қалған ба, бар ма?
— Концерттің ортасына келгенде әдейі шақырамын, «ал осы ауылдың өнерпаздары бар ма екен, енді кезек берейік» деп. Сол кезде кей ауылдардан шығады, көздерінде от бар балалар. Мен тоқсаныншы жылдары тудым, тәуелсіздік алған жылдары, ал қазіргі балалар мүлде басқаша, өздерін еркін ұстайды, ойларын еркін айтады. Ауылға барғанда таң қалдырған осындай дүниелер көп болды. Бізде аға буын «Тәуелсіз Қазақстан» деген сөз тіркесін көп қолданды да, тәуелді болғанымызды еске сала берді, 30 жыл айтып келді, ол тіркесті мүлдем алып тастау керек. Қазақстан Республикасы — болды.
Қазіргі, әсіресе бастауыш сыныпта оқып жүрген балалар еркін сөйлейді, өзін еркін ұстайды. Бұл қатты қуантады, өйткені саналары тәуелсіз. Ертең осы балалар ер жеткенде Қазақстанымыз мүлде басқаша болады.
— Осындай гастрольдерден кейін өзіңіз үшін қандай қорытынды жасадыңыз?
— Қазір кез-келген әншіні телефон арқылы үйде отырып тыңдай беруге болады. Бірақ, жанды дауыста концерттер ауылдарына келе бермейді. Бұл басқаша әсер береді.
Болашаққа жоспар өте көп. Әлі де баратын елді мекендер, шақырып жатқан ауылдар бар. Шағын үзіліс алып, шілденің ортасынан тағы да жолға шығамыз. Шамамыз жеткенше аралаймыз. «Ән салдырған ауылым» деп аталған бұл жеке жобам ғой. Күз айларында көрші облыс орталықтарына — Көкшетауға, Астана, Қарағанды Павлодар сияқты қалаларға барып, өнер көрсету жоспарда бар. Шақыртулар бар.
Әңгіме басында айтып кеттім, өңірде Ұлттық өнердің орталығын ресми ашқым келеді. Бөлек бюджеті, өз жоспары бар. Қазір төл өнерімізге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Мұны айтып келе жатқаныма үш жыл болды. Мәселен, филармонияда бармыз, бірақ мұнда әртүрлі жанрдағы 14 ұжым жұмыс істейді. Бір киім тіктіру үшін немесе жақсы домбыра, қобыз алу үшін 5-7 жыл күтуге тура келіп жатады. Ал енді ұлттық өнер өз елімізде неге басқаларымен санасуы керек?! Бұл туралы айтып келемін, айтудан жалықпаймын.
Бұған дейін елімізде мәдениет және өнер саласына қандай қолдау көрсетілетінін жазған едік.