Салық органдары жасырын пәтер жалдаушыларды анықтау үшін учаскелік полицияны тартады
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов пәтер жалдаудан түскен табысының салығын төлеуден жалтарып жүрген қазақстандықтарды қандай тәсілмен анықтайтындарын айтты.

Оның сөзінше мұндай адамдарды камералдық бақылау арқылы анықтауға болады.
— Шартты түрде, жеке тұлғаның 10 пәтері болды дейік. Оның біреуінде өзі тұрса, қалғанын жалған беруі мүмкін ғой. Біз мүлік иелері бірлестіктерімен, учаскелік полицейлермен тығыз жұмыс істеу арқылы осы мәселені назарда ұстап отырамыз. Жаңағы 10 пәтердің иесі ай сайын банк қосымшалары және басқа да көздер арқылы ақша алатынын көріп отырамыз. Ондай аударымдар болса, пәтер иесіне қоятын сұрақ туындайды, — деді Ержан Біржанов Мәжіліс кулуарында.
Вице-министр мұндай пәтер иелерін өз еркімен ашық жұмысқа көшуге ынталандыратын шаралар қабылданып жатқанын айтады.
— Ол үшін түрлі оңайлатылған салық режимдері жасалып жатыр. Салық төлеушілер қазір ресми тіркелмей-ақ, жылына бір рет декларация тапсыру арқылы да жұмыс істей алады, — деді ол.
Бұған дейін жаңа оқу жылы қарсаңында пәтер жалдау бағасы қалай өзгергенін жазған едік.