Салық төлеу, оны төлемеуден арзан болуы керек — Айдос Сарым

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға Мәжіліс және мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты.

Айдос Сарым
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Отырыс барысында жаңа заң жобасының қолданыстағы заңнамадан айырмашылығы мен оның басты мақсаты айтылды.

Қоғамдық палата көшпелі отырысы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Салық кодексі — еліміздің экономикалық дамуы үшін ең маңызды заң деу артық айтқанымыз болмас. Бүгін талқыланатын тақырыптың бірнеше басты мәселесіне тоқталып өтсек. Бірінші, салық кодексінің тұрақтылығы. Қазіргі кезге дейін қанша кодекс қабылданып, қаншама өзгеріс енгізілді. Бизнес жұмыс істеудің орнына, тез өзгеретін заңға бейімделумен жүреді. Сондықтан біздің мақсатымыз қайта-қайта өзгеріс енгізілмейтін тұрақты заң қабылдау. Екінші, салық базасын кеңейту. Қазіргі уақытта елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектілері бар. Жаңа салық кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге және салық төлеуге итермелеуі қажет. Заңдағы басты ой — салық төлеу, оны төлемеуден арзан болуы керек, — деді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.

Мәжілістің көшпелі отырысы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Ал жаңа салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі — Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев заң жобасын талқылау бойынша бүгінге дейін 12 отырыс өткенін атап өтті.

Берік Бейсенғалиев
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Заң жобасының негізгі бағыттары Мәжілісте 17 қыркүйек күні таныстырылды. Жаңа жобаның қазіргі қолданыстағы заңнан басты айырмашылығы — салықтық әкімшілендіруге баса назар аудару. Заң жобасын қарастыру үшін Мәжілісте жұмыс тобы құрылды, оның құрамына депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілі, «Атамекен» ҰКП және қоғамдық бірлестік өкілдері, сарапшылар кірді. Жұмыс тобының отырыстарына кем дегенде 150, орта есеппен 230 адам қатысады. Бүгінге дейін жұмыс тобының 12 отырысы өтті, — деді Берік Бейсенғалиев.

Еске салайық, Президент жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болатынын айтты.

Бұған дейін жаңа салық кодексінде төлемдер саны 77-ге азайып, 6 алым түрі қысқартылмақ екенін жазғанбыз.

Сондай-ақ, жаңа салық кодексінде жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталмақ.

Оған қоса, жаңа заң жобасы бойынша ескі көлік салығы 50%-ға төмендейді.

Соңғы жаңалықтар