Салықтық шегерім алу үшін қандай құжат қажет — маман жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Салықтық шегерім алу үшін растаушы құжаттың түріне байланысты. Аталған мүмкіндік туралы толығырақ Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салық әдіснамасы басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасова айтып берді.

— Мысалы, оқу бойынша салықтық шегерім алу үшін оқу туралы шарт және оқу ақысын төлегенін растайтын құжат қажет. Сондай-ақ оқу бойынша салықтық шегерімді жеке тұлғаның өзі ғана емес, 21 жасқа толмаған баласының пайдасына да қолдана алады, — деді Айгүл Аббасова Мемлекеттік кірістер комитетінде онлайн өткен іс-шарада.
Кірістер комитеті өкілінің мәлімдеуінше, жеңілдік барлық білім беру қызметіне қатысты емес.
— Оқу бойынша салықтық шегерім мектепке дейінгі білімге, кәсіби-техникалық және жоғары білімге жұмсалған шығыстарға қолданылады. Орта білім беру бұл тізімге кірмейді, яғни бала жеке мектепте оқыса, онда салықтық шегерім қолдануға құқы жоқ, — деп түсіндірді маман.
Сондай-ақ спикер медициналық шығысқа қатысты қандай құжат қажеттігін айтты.
— Бұл жерде растайтын құжаттар қатарында, медициналық қызмет көрсету шарты, қажетті медициналық қызмет көрсетілген ауру тарихынан үзінді. Егер бұл шегерім ерікті медициналық сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйақысын төлеуді қамтыса, онда шарт және осы сақтандыру сыйақысын төлегенін растайтын құжат қажет талап етіледі, — дейді салық әдіснамасы басқармасы басшысының орынбасары.
Одан әрі Кірістер комитетінің өкілі көпбалалы отбасылар салықтық шегерім үшін қандай құжат тапсыру керектігін айтты.
— Көпбалалы отбасыға арналған салықтық шегерім үшін 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін 18 жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі қажет, — деді ол.
Оның айтуынша, салықтық шегерім мүмкіндігін қолдану үшін ерлі-зайыпты заңды некеде болып, төрт немесе одан да көп баланы тәрбиелеуі тиіс. Ата-ана салықтық шегерімді қолдануға өтініш бергенде, аталған жеңілдікті өзі пайдаланатынын не пайдаланбайтынын растауы керек. Өйткені, шегерімді екі жұбай да немесе тек біреуі қолдана алады.
Айта кетсек, биыл тамызда салықтық тіркеудің жаңа қағидалары ұсынылды.
Сондай-ақ 2026 жылдан бастап елімізде салық саласында қандай өзгерістер болатыны туралы жазған едік.