Самарқандта ТМД ПАА халықаралық байланыстарын кеңейту мәселесі талқыланды
САМАРҚАНД. ҚазАқпарат – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің парламентшілері ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байланыстарын кеңейтуді жақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Самарқандта Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Айгүл Құспанның төрағалығымен ТМД ПАА саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Отырыста парламентшілер ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байланыстарын кеңейтудің жекелеген аспектілерін қарастырды. Отырысқа қатысушылар Орталық Америка Парламентінің ТМД ПАА қызметіне байқаушы ретінде қатысу мәселесі бойынша үндеуін қолдады.
Естеріңізге сала кетейік, 27-28 қазанда Самарқандта ТМД Парламентаралық Ассамблеясының күзгі сессиясының іс-шаралары өтуде. Өзбекстанда ТМД ПАА Кеңесінің отырысы және ТМД ПАА-ның 54-ші пленарлық отырысы өтеді. Сессия Ассамблеяның және ТМД жастар Парламентаралық Ассамблеясының тұрақты комиссияларының отырысымен ашылды.