Самокатқа қатысты жаңа шектеулер адамдардың өміріне қатер төндіруі мүмкін - сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда электросамокат қозғалысын реттейтін жаңа түзетулер қызу талқыланып жатыр.
Ішкі істер министрлігі тротуарда жүруге қатаң шектеу қоюды, жүргізуші куәлігін міндеттеуді және бірқатар басқа да талаптарды қолдап отыр. Сарапшылар мұндай бастамалар микромобильдік көлікке қатысты саясатты түбегейлі өзгертіп, қауіпсіздікке кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.
2023 жылы бұл тақырып ашық қоғам талқысынан өтіп, барлық нормалар кеңінен түсіндірілген еді. Ал 2025 жылы түзетулер негізінен Парламент ішінде қаралып, қоғамдық пікірталастарсыз енгізіліп жатыр.
Микромобильдік көлік бойынша сарапшы Әнуар Жүсіповтің айтуынша, басты мәселе – самокатта емес, қала инфрақұрылымының әлсіздігінде.
Ол бастапқыда белгіленген жылдамдық шектеулерінің физикалық тұрғыда орындалуы мүмкін болмағанын атап өтеді.
«Жүргінші жолағына абсолютті басымдық беру, жаяу жүргіншіге зиян келсе қатаң жауапкершілік енгізу, автомобиль жылдамдығын азайту секілді шаралар арқылы ғана қауіпсіздікке қол жеткізуге болады. Ал біз самокатты тыйым салу арқылы «жоюды» көздеп отырмыз. Бұл – қате», – дейді ол.
Сарапшының мәліметінше, ІІМ дерегіне сәйкес, самокатпен болған жол-көлік оқиғаларының 80%-ы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады.
«Самокатшыларды көлік жолына шығару қауіпті бірнеше есеге арттырады. Статистика бойынша, сізді көлік қағу ықтималдығы өте жоғары болады. Бұл тыйымдар мәселені емес, адамдарды қауіпке итермелейді. Микромобильдік көлік – заманауи қаланың ажырамас бөлігі, Алматыдағы жылына самокатпен орындалатын болатын 20 млн жүріс – соның дәлелі», – дейді Жүсіпов.
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың 9 айында көлік жүргізушілерінің кінәсінен 20 058 ЖКО тіркелген. Электросамокат қатысқан ЖКО саны – 110.
Бұл айырмашылық микромобильдік көлікті шектеу негізгі мәселені шешпейтінін көрсетеді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, электросамокатқа жүргізуші куәлігін талап ету әлемнің көп елінде қарастырылмаған.
Самокат — қолжетімділігімен танылған көлік түрі, қосымша кедергілер енгізу әлемдік трендке де, қала логистикасының заңдылықтарына да қайшы келеді.
Бірқатар депутаттар, соның ішінде Олжас Құспеков, велоинфрақұрылым жоқ кезде самокатты көлік жолына шығару ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Олар самокатқа тыйым салуды емес, инфрақұрылымды жаңарту; ЖСН арқылы тіркеу; жылдамдықты цифрлық шектеу сынды шараларды бірінші кезекке қоюды ұсынады.
Сарапшылар микромобильдік көліктің өзі қауіп емес екенін, керісінше заманауи қалалардағы тығыздықты азайтуға көмектесетін тиімді көлік екенін атап өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда самокат тізгіндегендерге қосымша шектеу әзірленетіні хабарланған болатын.