Samsung, Kia, жаңа электр станциясы: Корея Қазақстанда қандай жобаларға қатысып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Корея Республикасы Қазақстанның ең ірі 10 сауда серіктесінің қатарына енді. Екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1,3 млрд долларға жеткен. Бұл туралы Қазақстанның Экономикалық зерттеулер институты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары аясында хабарлады.

завод KIA в Костанайской области
Фото: Ақорда

Институттың хабарлауынша, Қазақстаннан Кореяға экспортталатын негізгі тауар – шикі мұнай. Оның көлемі – 479,4 млн доллар немесе барлық жеткізілімдердің 93,6% құрайды. Сондай-ақ, Қазақстан 28,6 млн долларға (5,6%) ферроқорытпаларды, 3,4 млн долларға – титан және одан жасалған бұйымдарды экспорттаған (0,65%).

– Корея Республикасынан импортта автомобиль және электротехника салаларына арналған өнімдер үлесі жоғары. Қазақстанға 155 млн долларға автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар (19,7%), 100,1 млн долларға – автомобиль шанақтары (12,8%), сондай-ақ 70,3 млн долларға – пульттер, панельдер және басқа да электр жабдықтары (9%) импортталды, – деп жазды Экономикалық зерттеулер институты.

Сауда ынтымақтастығынан бөлек, инвестициялық қызмет те белсенді дамып келеді. Соңғы он жылда Корея Республикасының Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялары көлемі шамамен 8 млрд долларға жетті.

Елде Оңтүстік Корея капиталымен 700-ден астам компания жұмыс істейді, ал тараптар жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын 46 жобаны бірлесіп әзірлеп жатыр. Басым бағыттардың қатарында – машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, инфрақұрылым және технологиялық кооперация бар.

– Әріптестіктің ең маңызды нәтижелерінің бірі - 2025 жылы Қостанай облысында Kia Qazaqstan автомобиль зауытының ашылуы болды. Кәсіпорын жылына 70 мыңға дейін автокөлік өндіреді, онда 1,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жоба жергілікті өндірістің дамуын және кәсіпорын айналасында көліктің қосалқы бөлшектерін жеткізушілердің жеке базасын қалыптастыруды көздеп отыр, – делінген хабарламада.

Алюминий дөңгелектерінің өндірісі де – автомобиль кооперациясының жаңа бағыты болуы мүмкін. 2026 жылдың ақпан айында Astana Motors, оңтүстік кореялық Hands Corporation және американдық Open Element Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Жоба отандық автоөнеркәсіпті дамытуға және автокөлік бөлшектерін толық өндірістік циклмен шығаратын заманауи кәсіпорын құруға бағытталған.

Екі елдің ынтымақтастығы автоөнеркәсіптен де басқа да салаларда көрініс тапқан. 2025 жылдың тамызында Саран қаласындағы Silk Road Electronics зауыты Samsung теледидары мен кір жуғыш машиналарын шығара бастады. Өнімдер ең алдымен қазақстандық тұтынушыларға бағытталған.

– Тағы бір үлкен бағыт – энергетика. Түркістан облысында қуатты 1 000 МВт бу-газ электр станциясы салынып жатыр, оны іске асыруға Integra Construction KZ компаниясымен бірлесіп бас мердігер ретінде Оңтүстік Кореяның Doosan Enterbility компаниясы қатысады. Толық қуатқа шыққан соң станция 926,5 МВт қуат өндіреді және елдің оңтүстік өңірлерінің энергиямен жабдықталуын арттыруы қажет, – дейді институт.

Алматы облысындағы Alatau City жобасы да екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағытына айналуы мүмкін. 2025 жылы желтоқсанда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Alatau City Authority» мемлекеттік қоры және Кореяның инфрақұрылым мен қала құрылысы саласындағы KIND корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандум бекітті. Корея тарапы энергетика, сумен жабдықтау және су тазарту, сарқын сулар мен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сондай-ақ басқа да инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы мүмкін.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды.

2030 жылға қарай Сеул әлемнің үздік үш қаласының бірі болмақ.