Сәнді Астана келбеті: қалалықтар 17 жылда қалай өзгерді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ольга Крюкова 17 жыл бұрын Астананы бағындыруға келген ең алғашқы дизайнер визажист-стилистердің бірі. Ол қалалықтардың сән үлгісі, келбеті қалай өзгергенін өз көзімен көргендердің бірі. Бұл туралы және жалпы фэшн-индустриясының дамуы туралы ойларын Ольга Крюкова ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді
- Ольга, 17 жыл бұрын Астанада сән әлемі қандай еді?
- 2000 жылы Астанаға келгенімде мұндай дизайнерлер болмаған еді. Фэшн-индустрия жаңадан тәй-тәй басып келе жатқан еді. Астананың жаңадан бой көтеруіне байланысты тек көбіне ұлттық киімдерге сұраныс болатын. Іс тігетін ісмерлер де жоқтың қасы еді. Индустрия деп ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ еді. Мен дизайнер сияқты ойымды айтсам да оны тігетін маман болмады. Бұл мен үшін ең қиын тәжірибе болатын. Шағын бизнес ашқан күннің өзінде, мен өзім жетекші, әрі тігінші болуым керек болды. Сондай-ақ тіккен бұйымдарыңды көрсететін модельдер де жоқтың қасы еді. Сондықтан мен бірінші жұмысымды модель агенттігін ашудан бастадым. Енді ісімді дөңгелете бастаған кезде, глянец журналына сапалы сурет түсіретін фотограф табу қиынға соқты. Әйтеуір қиындықтың бәрін артқа тастап «Модный город - Астана» журналын шығардық. Журнал шығару да оңайға түскен жоқ. Себебі ол кезде жақсы графикалық дизайн жасайтын мамандардың тапшылығы сезінді.
Қазір фэшн индустрия мүлдем өзгерді. Бұрынғымен салыстырғанда аспан мен жердей десек болады. Адамдар оқу әрі іздену керектігін түсінді. Ол үшін мүмкіндіктер баршылық. Мамандар Еуропаға шыға бастады. Мүмкіндігі жоқтар интернет арқылы онлайн курстардан өтті. Қазіргі таңда фэшн-индустрия одан әрі дами түсуі үшін де көп еңбек етілуі керек. Әлі де әлемдік масс-маркет өнімдері біздің тіккен киімдерден арзан. Олай болмауы керек. Біз өз отандық өнімдерімізді киетін уақыт жетті. Қазірдің өзінде модельдерге, фотогрфтарға ешкім төлегісі келмейді. Ал модельдер болмаса біз тіккенімізді қалай көрсетеміз?
- Осы уақыт аралығыда қалалықтардың келбеті, киім үлгісі қалай өзгерді?
- Әрине, адамдардың келбеті қатты өзгерді. Қаланың көшелерінен эпатажды, креативті киінген адамдарды көруге болады. Бірақ адамдар әлі де өздерін шектейді. Біз керемет көлік мінгенімізге мақтанамыз, бірақ қызыл шалбар кимейміз. Еуропамен салыстырғанда бізде әлі де ескіліктің құрсауы мығым. Мен бұны өзімнің студенттерімді көріп айта аламын. Олар өздері де әлі батыл емес. «Сіздер, сән үлгісінің өкілісіздер. Адамдар сендерге қарап үйренуі керек» деп айтамын. Бәлкім, бұл қаланың әкімшіліктегі алатын рөліне байланысты болар. Мұнда дресс-код талап ететін үлкен компаниялар жетерлік. Дегенмен, сырттан келіп жатқан ақпараттың ықпалы да сезінеді. Қалпақ, берет, шарф тағатындар көбейіп келеді.
- Астаналық тұтынушыны қалай суреттер едіңіз?
- 17 жылда сатып алушының келбеті өзгерді. Егер, бұрын бренд киімдерін тек жалақысы жоғарылар ала алатын болса, қазір орташа жалақы алатындар да ондай киімдерді сатып ала алады. Адамдардың талабы күшейіп, таңдауы көбейе бастады. Бүгінде адамдар look демекші, көңіл-күйіне қарай киіне бастады. Аяқ киімнен әшекейге дейін. Киім құны да өзгеріске түсті. Кешкі көйлектерді 18 мың теңгеден бастап 700-800 мыңға дейінгі бағада сатып алуға болады. Ал түлектер мектеп бітіретін кезде көйлектер 60-70 мыңнан 150 мыңға дейін барады. Ата-аналарға обал, әрине. Мен мектеп бітіру кешіне Голливудтың қызыл кілеміне шыққандай сәнденетін әдет пайда болғанын түсінбеймін.
- Ер адамдарға қатысты не айтасыз?
- Бұл жерде де ер адамдар қайда жұмыс жасайтынына байланысты киінеді. Мәселен, офисте болса костюм, тіпті болмаса, джинсы мен күрте киеді. Алайда, жастар сәнге бет бұра бастады. Олар балағы түрілген шалбар киіп, ашық түстер сары, алқызыл, көгілдір түстер белең ала бастады. Ең алғаш Астанаға келгенде қара, қоңыр, сұр киімдерді көріп шошып кеткенмін.
- Қазір мұсылман киімдеріне де сұраныс арта бастады. Осы бағытта сән әлемінде қандай өзгеріс болып жатыр?
- Қазақстанда мұндай үлкен бағыттың жақсы дамуы заңды деп ойлаймын. Қазақ дизайнерлері БАЭ сәнгерлерінің стилімен жұмыс жасай бастады. Ерекше атап өтер жайт, бұл киімдер қазір тек жабынды емес. Өзіндік стиль пайда болды.
- Астанада қазір фэшн-индустрия саласында қанша дизайнер бар?
- Бұл өте күрделі сұрақ мен үшін. Біздің «Fashion Startup Kazakhstan» жобасы аясында бірінші маусымда 15 жаңа дизайнер болды. Олар бренд жасау жолында жұмыс істеп жатқан адамдар. Екінші маусымда 10 адам болды. Сондықтан Астанада 40 дизайнер бар деп нақты айта аламын. Мұның өзі Астанада үлкен бәсекелестікті тудырып отыр. Өйткені Еуропа, Қытай, Түркия тауарларларының саудасы да қызып тұр.
- Қазақстандық дизайнерлердің жұмысын жәрмеңкеден басқа қайда көруге болады?
- Астанада отандық дизайнерлердің киімін саудалайтын бутиктер саны артып келеді. Сондай-ақ бұл тенденция 2-3 жылдан кейін де жалғаса береді деп ойлаймын. Бізде байер деген түсінік бар. Яғни, бутик иесі барып өзі фабрикаларға тапсырыс беріп, киім сатып алады. Ал, біздің отандық өндірушілердің киімін байерлер алуға қорқады. Бутик иесі тапсырыс бергенмен цех жұмысшылары оны дер кезінде тігіп бере ала ма одан хабарсыз болады. Тауар дер кезінде болмаса байер шығынға батуы мүмкін. Сондықтан бізде бұл жүйенің орнына балама жүйе пайда болды. Қазақстандық дизайнерлерге бутиктерден орын беріледі. Олар жоспарға басын ауыртпай сұранысқа қарай тіге береді. Осындай бутиктер көбейген соң отандық байерлер бізден тапсырыс ала бастайды. Ол заман да алыс емес сияқты. Сол кезеде фэшн-индустрия дамиды десек болады.
- Әңгімеңізге рахмет