09:17, 14 Қазан 2013 | GMT +5
Санкт-Петерборда Бүкіләлемдік әскери өнер ойындары өтеді
АЛМАТЫ. 14 қазан. ҚазАқпарат - Ресейдің Санкт-Петербор қаласында 18-26 қазан күндері Бүкіләлемдік әскери өнер ойындары өтеді. Онда айкидо, бокс, күрес, джиу-джитсу, дзюдо, карате, кикбоксинг, кэндо, сават, самбо, сумо, тай боксы, тхэквондо, ушу, семсерлесу сияқты спорт түрлері бойынша 135 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

Шара барысында, сондай-ақ, «Спорт. Адам. Денсаулық» VI Халықаралық конгресі, «Заманауи әлемдегі әскери өнер және спорттық жекпе-жек» халықаралық көрмесі, «Әскери өнер мен спорттық жекпе-жек әлемі және қоғам» халықаралық форумы болады.
Онда жарыстың алғашқы күні - 7 (самбодан - 3, сумодан - 4) медальдар жиынтығы сарапқа салынса, ал соңғы күні 15 медальдар жиынтығы (ушу -12, семсерлесу -2) сарапқа салынбақ. Жалпы бұл дүбірлі додада әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар джиу-джитсудан - 18, күрестен - 15, бокс пен ушудан - 13, карате мен кикбоксингтен -12, сават пен тай боксынан - 11, сумодан - 8, кэндо мен семсерлесуден - 6, дзюдо мен тхэквондодан - 2 медальға таласатын болады.