Сапарбаев: Әрбір ақтөбелік Тәуелсіздік мерейтойында мемлекеттің қамқорлығын сезінуі керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған ауқымды шаралар жалғасын табуда. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев әрбір ақтөбелік Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында мемлекеттің қамқорлығын сезіну керек екендігін айтты.
Ақтөбеде «Ұлы дала елі - Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты 25 мерекелік шара бастау алды. 21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында өтетін 25 күн ішінде егемен елдің жеткен жетістіктері баяндалатын болады. Ақтөбеде 37 өндірістік және әлеуметтік нысан ашылып, 200-ден астам ауқымды мәдени, әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылады.
«Биыл біз тарихи күнді атап өтеміз. 25 жыл бұрын әлем картасында тәуелсіз жас Қазақстан Республикасы деген мемлекет пайда болды. 25 жыл - бұл көп те, аз да жыл емес, бірақ біз осы кезеңдерде елеулі табыстарға қол жеткізе алдық. Еліміздің басты жетістігі - көп ұлтты халқымыздың бірлігі мен ынтымағы. Экономикалық және саяси дағдарыстарға қарамастан, халқымыз тұрақтылықпен қамтамасыз етіліп, әл-ауқатымыз өсіп келеді. Мұның барлығы Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының жемісі. 25 жұлдызды күн аясында өткізілген әрбір шара облысымыздың барлық аймағын қамтиды. Біздің басты бағытымыз - көмекке мұқтаж әрбір азамат Тәуелсіздік мерейтойында мемлекеттің қамқорлығын сезінуі керек. Сонда ғана, біз бір ел - бір отбасы екенімізді өз ісімізбен көрсете аламыз, - деп қадап айтты Бердібек Сапарбаев.
Индира Кереева