Саранда сатушыны өлтірген қылмыскерге қатысты сот отырысы басталды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда Саран қаласындағы дүкендердің бірінде сатушыны өлтіруге қатысты іс бойынша сот процесі басталды. Сот отырысында айыпталушының бұрын есірткі қолданғаны белгілі болды.

Экс- судья Светлана Жолманова қатысты іс: прокурор айыптау актісін оқыды
Фото: Алма Мұқанова\Kazinform

Қылмыстық істер жөніндегі Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында судья Бекзат Шалғымбаевтың төрағалығымен резонансты іс қаралып жатыр. Сотталушы – ҚР азаматтығы жоқ 51 жастағы Саран тұрғыны. Тергеу барысында айыпталушының ұрлық жасағаны үшін бұрын бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Бұдан басқа, оның бұрын есірткі қолданғаны да белгілі болды.

- Кешенді наркологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, сотталушыда апиын және каннабиоидтар түріндегі психотроптық заттар қабылдау нәтижесінде психикалық және мінез-құлық бұзылулары байқалды. Алайда дәл осы сараптама оның қылмыс жасаған кезде өз әрекеттеріне есеп бергенін көрсетті. 22 қаңтарда сотталушы үйінен алып келген қара сабы бар аңшылық пышақпен минимаркетке келген. Алдымен ол минимаркетте сатушыдан басқа ешкім жоқ екеніне көз жеткізген. Темекі сатып аламын деген сылтаумен ғимаратқа кіріп, содан кейін дүкенге бөгде адамдардың кіруіне жол бермес үшін кіретін металл есікті ішкі жағынан жауып тастаған. Аңшылық пышағын қабынан алып, оң қолына ұстап, дүкен иесі тұрған сөренің арғы жағына өткен. Ол ақша сақтайтын кассалық аппаратқа бет алған, бірақ сатушы әйел көмекке шақырып, айқайлай бастаған, сонан соң қылмыскерді дүкеннен қуып шықпақшы болып, қарсылық көрсетуге тырысқан, - деп прокурор Жанқозы Нақышев айыптау актісін оқыды.

Іс материалдарына сәйкес, осыдан кейін қарақшы сатушыға бірнеше рет пышақ сұққан, оның біреуі кеңірдекке, аортаға, ал екіншісі іш қуысына кіріп, өмірлік маңызы бар органдарға тиген. Әйел көп қан жоғалтып, бірнеше минутта сол жерде жан тапсырған. 

Содан кейін ер адам кассадан 180 мың теңгені алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Сол күні оны полицейлер құрықтады. Оның пәтерін тінту кезінде қылмыс жасаған кезде киген күртеше мен бәтеңкесі табылды. 

Саран қаласындағы дүкендердің бірінде сатушыны өлтіруге қатысты іс бойынша сот процесі басталды
Фото: туыстарының мұрағатынан

Айыпталушы сотта кінәсін мойындаған жоқ.

- Мен ол күні үйден емес, жұмыстан келе жатқан едім. Тергеушілер маған есірткі беріп, өздеріне қажет мәліметті айтуға мәжбүрледі. Мен кінәні мойындамаймын, - деп мәлімдеді сотталушы.

Алайда куәгерлердің бірі сол күні қылмыскерді автобус аялдамасының жанында көргенін және оның ерекше мазасызданып тұрғанын байқағанын жеткізді.

- Ол сол кезде ерекше күйіп-пісіп, мазасызданып тұрғандай көрінді. Мен оны жақсы танимын, сол күні ол «комуфляж» күртешеде болғаны есімде. Мен жұмысқа баратын автобусымды күтіп тұрған едім. Автобус келген бетте, электрик әріптесім дүкенге барып, сосын бізге жүгіріп келіп, кісі өлімі туралы хабарлады. Мен дереу дүкенге жүгіріп бардым, ол жерде қолдары екі жаққа жайылып, етбетінен жатқан әйелді көрдім, жан-жағы қан-жоса. Оның кеңірдегінде тесікті байқадым, көздері ашық күйінде қалған. Демалмай жатыр екен, - деді сотта куәгерлердің бірі.

Сот отырысы барысында тағы бір куәгер айыпталушыны сол күні таңертең көргенін айтты.

- Мен кәсіпорында күзетші болып жұмыс істеймін және әрдайым камераларды қадағалаймын. Сол күні таңертең көшеге шығып, жолды қардан тазалап жатқан едім. Сол кезде тізесінен келетін қарды омбылап өтіп бара жатқан ер адамды көрдім. Мені оның қардан тазартылған жолман жүрмей, омбылап бара жатқаны таңқалдырды. Бір мезетте ол тоқтап, бұрылды. Сол кезде жүзін анық көрдім. Сосын кісі өлімі жайлы естігенде, осы кісі екенін бірден түсіндім, - деді сотқа екінші куәгер.

Қаза тапқан келіншектің туыстары қылмыскерді қатаң жазалауды талап етуде. Олардың айтуынша, бейнекамералардағы барлық жазбалар оның кінәсін дәлелдеп отыр.

- Бізге бұл қаза өте ауыр тиді. Адам қолынан қайтқаны біздің отбасы үшін қиын жағдай болды. Артында екі баласы жетім қалды. Сот басталды. Дұрыс шешіледі деп ойлаймыз. Ең қатаң жаза – өмір бойы бас бостандығынан айырылса екен деп отырмыз. Оның кінәсі нақты деректермен дәлелденіп жатыр. Бейнекамералардан барлығы көрініп тұр. Үкімет тарапынан белгілі бір өтемақы талап ету туралы ереже бар, соған сәйкес моральды өтемақы ретінде 30 миллион теңге өндіріп алуды сұраймыз, - деді марқұмның ағасы Ертай Тілеухабыл. 

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қаңтар айында Саран қаласындағы дүкендердің біріне қарақшы түсіп, сатушыны өлтірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар